20 ақпанда шамамен сағат 22.50-де Атырау полициясына белгісіз біреу қоңырау шалып, Балықшыда орналасқан «Семья» супермаркетіне жарылғыш құрылғы салынғанын хабарлады. Супермаркет ғимараты қоршауға алынып, адамдар қауіпсіз жерге көшірілді.
- Жедел-іздеу шаралары барысында бұрын осындай қылмысы үшін жазасын өтеген күдікті анықталып, ұсталды. ҚР ҚК-нің 273-бабы ("Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.
Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының ақпараты бойынша, тек соңғы екі жылда Атырауда жарылғыш құрылғы салынғаны туралы 6 жалған хабарлама түскен. Бұл қылмыстардың барлығы ашылып, қаскөйлер бас бостандығынан айырылу түрінде жаза алды. Бұл тұрғыда ең ауқымды жалған қоңырау өткен жылдың мамырында түскен еді. Махамбет-Гурьевская және Махамбет-Тельман көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кварталдары қоршауға алынып, саперлар осы аумақта орналасқан дүкендердің барлығын тексерген болатын.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, әдетте, жалған қоңырау соққан қылмыскерлер алкогольдік масаң күйде болады.
- Кәмелетке толмаған балалардан да жалған қоңыраулар түскен жағдайлар болды. Қылмыстық кодекстің осы бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертеміз, - деді полициядағылар. Бұдан басқа, баланың жасына қарамастан түскен дабыл бойынша ұйымдастыру және тексеру жұмыстарына байланысты материалдық зиян үшін жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Фархат ӘБІЛОВ