Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бюросы департаментінің басшысы Нығметжан САПАРОВ Атырау жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуі барысында Атырау облысының экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ және оның бауыры Аманжанның бюджеттен ұрлап, Швейцария мен Андорра банктеріне салған қомақты ақшалары туралы тақырыпқа тоқталды.
- Бұл шоттар қамаққа алынғанын бұдан бұрын да хабарладық. Келесі кезең – оларды қазақстандық бюджетке қайтару. Қазір бұл жұмыстармен ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлері мен астаналық әріптестеріміз айналысуда. Мәселе шешіліп жатыр, ақшалардың Қазақстанға қайтарылатын уақыты алыс емес.
"Жақында сырттай үкім шығарылған Б.Рысқалиев пен ҰҚТ қатысушылары өз отандарында жазаларын қашан өтей бастайды?" деген студенттердің сұрақтарына:
- Қазір дөп басып ештеңе айта алмаймын. Менің білуімше, сотталушылар жасырынған Ұлыбритания мен Қазақстан арасында қылмыскерлерді беру келісімі жоқ. Өкінішке орай, қазір Ұлыбритания өз елінде қылмыс жасаған түрлі криминалдық элементтердің бас сауғалайтын баспанасына айналды, - деп жауап берді ол.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор