Атырау, 25 қараша 06:57
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Субсидиясыз су қымбат

2 139 просмотра


Индер ауданында Ақтан мен Кетебай елді мекендерінен басқа ауылдардың барлығы ауыз сумен толықтай қамтылған. Алайда әр жерде судың тарифі әртүрлі. Өткен жылы субсидияланған Жарсуат, Бөдене, Көктоғай, Өрлік, Есбол ауылдарында судың текшеметрі 30 теңге болса, су құбыры кеш келген Елтай, Ынтымақ, Аққала, Құрылыс ауылдарында су – 234 теңге.

- Су тарифы субсидиямен реттеледі. Бұл республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су комитеті шешеді, - дейді аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ. – Министрлік тариф мәселесін жылына екі рет қарайды, тек соған ілігу ғана мәселені оң шешуге ықпал етеді.

- Көрші ауылдардың арзан суды тұтынып отырғанына қызыға қараймыз. Баға қымбат, оны да кесте бойынша сағатпен береді, - дейді жергілікті тұрғындар. - Әкімдіктен сұрасақ, тариф субсидия жайы шешілгеннен кейін арзандайды дейді, ол қашан болады, ашып айтпайды.

 «ИндерСу» КМК директоры Алмас ҚҰСАЙЫНОВ:

- Аталмыш төрт елді мекендегі СТҚ құрылысы 2016 жылы аяқталғанымен, 2017 жылдың қарашасында ғана сенімгерлік басқаруға алдық. Біз алғашқы екі айда халыққа барлық шығынды өз мойнымызға алып, тегін су бердік. Ал 2018 жылдан бері өз тарифымызды қолданып келеміз. Біз министрлікке субсидия алу жөніндегі барлық құжаттарымызды тапсырдық, жуық арада шешіліп қалар деп отырмыз.

- Биыл субсидияға ілінсе, тұрғындардың ақшасы қайтарыла ма?

- Жақында Астанаға барып келдім. Үміт бар. Егер осы жылдың субсидиясына іліксек, онда халықтың биыл төлеген ақшасын есепке алып, болашақта шегереміз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


27 ақпан 2019, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.