Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында баяншылар дуэті - Д.Нұрпейісова атындағы Халық музыка академиясының соңғы курс оқушылары Нұрдәулет САТЫБАЛДЫҰЛЫ мен Жанәбіл РАЙЫМБЕКТІҢ концерті өтті.
Нұрдәулет Құрманғазы ауданының Приморье ауылының тумасы, Жанәбіл - Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылынан. Екеуі де көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, баянда өте шебер ойнайды. Олардың ұстаздары - Ерболат Камалиденов пен Гүлайым Сұлтанова.
«Шарықта әуен» деп аталатын концертте Вивальдидің «Жыл мезгілдері», В.Демченконың «Кармэн», А.Жайымовтың «Шалқыма», сондай-ақ, танымал «В лесу прифронтовом», «Московский извозчик», «Опавшие листья», «Французская баллада» әуендері және т.б. ойналды. Баяншыларды «Нарын» фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. Көрермендер залы лық толы болды.
Оқу жылының соңына дейін Нұрдәулет пен Жанәбіл Астанадағы музыкалық колледж оқушыларының республикалық байқауында және Атырауда «Еуразия кубогы» халықаралық байқауында өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Музыканттардың екеуі де консерваторияда білімдерін жалғастыруды армандайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ