Астанадағы трагедиядан кейін бүкіл Қазақстан бойынша, соның ішінде Атырау облысында да аулаларды аралау жұмыстары басталды. Бүгінде өңірімізде мыңнан астам уақытша баспаналар бар, оның 171-інен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық анықталды. Бұл туралы ТЖД басшысының орынбасары Рашид БІЛӘЛОВ брифингте мәлімдеді. Ол уақытша баспаналардың нақты санын айта алмады, өйткені, оның айтуынша, олар еш жерде тіркелмеген.
- Бірақ біз Астанадағы оқиғадан кейін ғана аралай бастады деп ойламаңыз, бұл жоспарланған жұмыс, - деп сендірді Біләлов. - Әрине, күшейтілген жұмыстар жүргізілді. Демалыс күндері, тұрғындар үйлерінде болған кезде азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің барлық жеке құрамы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аулаларды аралайды.
Ол, сондай-ақ, Атырау облысында көпбалалы отбасылардың үйлеріне тұншықтырғыш газдың 300 сигнализаторы тегін орнатылатынын, газ кеткен жағдайда аспап «көгілдір отынның» берілуін автоматты түрде тоқтататынын айтты.
«АЖ» сауалдары:
- Аралау кезінде ТЖД қызметкерлерін тұрғын үйге кіргізбеген жағдайлар болды ма?
- Иә, өкінішке орай, 100-ден астам уақытша баспананың иелері тексеруден бас тартты.
- Құқық бұзушылық анықталған уақытша баспана иелеріне қандай шаралар алынады?
- Ешқандай, заңда бұл туралы қарастырылмаған. Тек ескертеміз.
- Атырау облысында өрт сөндіру үшін арнайы техникалар жеткілікті ме?
Бұл сұраққа «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ басшысы Абдулқапар ЖҰМАНОВ жауап берді:
- Қазір ТЖД балансында 13 өрт сөндіру депосы бар - 8 типтік және 5 бейімделген ғимараттар, олардың үшеуі апаттық жағдайда. Қызметіміздің балансында 107 бірлік өрт сөндіру автотехникалары, соның ішінде 58 бірлік негізгі, 16 арнайы және 33 көмекші құралдар бар. Бұдан басқа, қысқы маусымда өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жүріп өту мүмкіндігі жоғары 39 автокөлік құралы бар. Қолдағы техникалар жеткілікті.
Қорытындылай келе, ТЖД қызметкерлері 26-27 ақпан аралығында облыста «Көктем-2019» командалық-штабтық жаттығулар өткізілетінін хабарлады. Бұл күндері қала маңындағы Томарлы ауылында ТЖД қызметкерлері тұрғындарды Жайықтың шартты су тасқыны аймағынан қауіпсіз жерге көшіреді, ал «Атырау» ДСК аумағында мұз астына түскен адамдарды құтқарады. Бұл оқу-жаттығу ойындары болғандықтан Атырау тұрғындарынан сабыр сақтауларын өтінеді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор