Атырау қалалық №2 соты өткен жылдың қазан айында «Торговая база» маңында жолдан өтіп бара жатқан әйелді қағып өлтірген жүргізушіге үкім шығарды.
Сотта анықталғандай, 9 қазанда шамамен сағат 14:30-да Д.С. жүргізуші куәлігі жоқ болса да, Toyota Ipsum рөліне отырып, Азаттық даңғылының бойымен Балықшыға қарайғы бағытта «Империум Плаза» мейрамханасының жанында әйелді қағып кетеді. Әйел облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесіне жеткізіліп, есін жимастан қайтыс болады.
- Сотқа дейінгі тергеу барысында Д.С. өз кінәсін толық мойындап, кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасауды сұрады. Сондай-ақ марқұмның әкесі айыпталушының моральдық және материалдық зиянды өтегенін, соған байланысты оны қылмыстық жазадан босатуды сұрады, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-тармағы ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзуы") бойынша кінәлі деп танылып, оған көлік құралын 3 жылға басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Фархат ӘБІЛОВ