Қырғыз СІМ Қытайдың саяси үйрену лагерьлерінде этникалық қырғыздар жоқ деп мәлемдеді. Бұл Қырғыз Сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков Шыңжан-ұйғыр автономиясының төрағасы Шохрат Закирмен Үрімшіде кездесуінде әңгіме болған. Бұл туралы Қырғыз СІМ баспасөз хатшысы хабарлады.
Жалпы, кездесу барысында тараптар этникалық қырғыздардың Қытайдың саяси лагерьлерінде болуы жөнінде әңгімелескен. ШҰАР -ның төрағасының айтуынша, ұсақ құқық бұзушылық жасағандар осындай саяси үйрену лагерьлерінде тәрбиеленеді. Мұнда олардың техникалық мамандықтар алып шығуына мүмкіндіктер жасалған. Кейін жұмысқа тұруларына септігін тигізеді.
Сондай-ақ, ШҰАР төрағасы аталған лагерьлерде қандай бір этникалық топтың барын жоққа шығарған. Сонымен бірге, Қытайдың аталған орталықтарында этникалық қырғыздардың болуы туралы ақпарат расталмаған. Алайда, айта кететін бір жайт, өткен жылдың желтоқсан айында қырғыз халқы Қытай саясатына қарсы Бішкекте бірнеше рет наразылық шеруге шыққан болатын. Жиналғандар этникалық қырғыздардың соңына түсуді тоқтатып, Қытайдағы қайта даярлау лагерьлеріндегі қырғыз ұлтының азаматтарын босатуды талап еткен еді.
Сонымен қатар, бір айдың ішінде барлық шет ел азаматтары Қырғыз елінен шығарылып, соңғы 10 жыл көлемінде Қырғызстан азаматтығын алған тұрғындарды арнайы комиссия құру арқылы заң бойынша тексеруге алу керектігі секілді бірнеше талаптар қойды.
Сондай-ақ, Қытайда туыстары жоғалып кеткен бірнеше Қырғызстан азаматы президент Сооронбай Жээнбековтен көмек сұраған. Кейіннен Қытайдағы этникалық қырғыздарды қорғау комитеті құрылып, жағдайдың мән-жайын халық пен билікке түсіндіру мақсатында жиын өткен еді.
Дереккөз: qazaqtimes.com