Мақат кентінен 7 шақырым жерде орналасқан №402 бекет өткен ғасырдың 80-жылдары «Атырау-Ақтөбе» темір жолына қызмет көрсету үшін құрылған болатын. Бұл жерде жұмыс істейтін адамдар әлі күнге дейін өз міндеттерін адал атқарып отыр, алайда қазір олардың тұрмыстық қажеттіліктері ешкімге керек болмай қалған. Бұрын ауыл инфрақұрылымын ҚТЖ-ның жергілікті мекемесі қадағалайтын. Бірақ бұдан 5 жыл бұрын бекетті Бәйгетөбе ауылдық округіне қосты, яғни, елді мекенді билік өз қамқорлығына алды. Осы кезден проблемалар басталған.
Ең өзекті мәселе – электр желісі. Совет кезінде салынған ағаш бағаналардың түбі шіріп, желмен шайқалып, желілер адам бойына жетер жерге салбырап тұр. Ал бұл жердің табиғаты белгілі – әсіресе қыс кезінде жел бір басылмайды. Токтың тұрақсыздығынан үйлердің тұрмыстық техникалары жанып кеткен. Үй де аз емес, бекетте 27 баспана бар.
- Аудан әкімі Қарағаевтың жылдық есебі болар алдында ток желісі үзіліп, тездетіп жалғап берген. Әкім есебіне облыс әкімі Ноғаев келгенде осы мәселені көтердім. Ноғаев бағаналарға қосымша тіреу салса, қалай болар еді деп жауап берді, - дейді зейнеткер Өмірсерік БОЗДАҚОВ. – Бірақ оны кім істейді, барлық жерге бардық, мұндағы электр бағаналары мен желілері ешкімнің балансысында жоқ, иесіз қалған. Ал «Атырау-Жарықтың» мұндағы филиалы тұтынған токқа ақша алады, бірақ бағанаға жауап бермейміз дейді.
«Атырау-Жарық» АҚ Мақат аудандық филиалының бас инженері Руслан МАРАБАЕВ та мұны растап, электр бағаналары өз баланстарында еместігін, ақшаны есептегіш көрсеткіші бойынша алып отырғанын айтты.
- Аудан орталығының қасында тұрсақ та, 21-ғасырда жарыққа жарымадық. Желінің төмендігінен ауылға биік жүк көліктері кіре алмайды. Өрт болса, не болады? - дейді тұрғын Аня ВАЛЕКАЕВА.
Сонымен қатар тұрғындар Мақатқа дейін қоғамдық көліктер жүрмейтінін, кейде аудан орталығына жаяу баратын кездер болатынын айтады. Бір жақсысы, оқушылар Бәйгетөбедегі мектепке екі мезгіл арнайы автобуспен қатынап тұрады екен.
Мақат ауданы әкімінің орынбасары Тілек НҰРПЕЙІСОВКЕ жолыққанымызда, шенеуніктердің қазір сәнге айналған кезекші жауабы – бекет инфрақұрылымына жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатырмыз деді. Ал бірақ оның қашан жүзеге асатынын айта алмады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор