Атырау, 25 қараша 06:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мақат жұрты кинотеатрға оралды

PR
2 583 просмотра


Аудан жұртшылығы мәдениет үйіндегі LED экраннан кино қарай бастады. Ауданның 95 жылдығы қарсаңында қолға алынған шараның мақсаты халқымыздың рухани қазынасына айналған «Қазақфильм» туындыларын тарих қойнауынан шығарып, мәдени ошақтардан тамашалауға мүмкіндік жасау.

Бүгінде теледидар мен телефонға үңілген халықты сергітіп, көпшілік серуен құру мәдениетін қалыптастыруды қайта жандандыру.

Ретро-дәстүрге шегініс жасаған аудан әкімі Жұмабай Қарағаев "Қазақфильм" студиясынан   киноиндустрияның алтын қорында сақталған таспаларды алдырып, аудан жұртшылығы назарына ұсынуға қолдау көрсетіп отыр.

Орах ДЕҢГЕЛБАЕВ – өлкетанушы:

-Жалпы, негізі экраннан кино көру жаңалық емес қой, бірақ көптен ұмытылған нәрсе енді. Ауданымыздың әкімі Жұмабай Ғаббасұлы осы шараны биыл ауданымыздың 95 жылдығы қарсаңында қолға алып жатыр екен, сол бастамасы жалғасын таба берсін деген тілек айтамыз. Енді бұл мәдени шаралардың біреуі ғой. Бұрын сол киноның өзі жастардың да өміріне үлкен әсер етеді деген ойдамын. Себебі, шұқшиып телевизордан, телефонның экранынан қарап отырғаннан, көппен бірге үлкен экраннан қарағанның өзі әсер береді. Соны жастар ұқса екен деймін. Бұл жастардың патриоттық сезімін оятады деген ойдамын.

Көрермендер алғашқы көрсетілімде Қазақфильм киностудиясы түсірген «Атаманның ақыры», «Менің атым - Қожа» көркем фильмдерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді. Ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениеттік жетістіктерді ұмыт қалдырмай, дәріптеуді үлесіне алған бүгінгі ұрпақтың тарихи деректерге үңілуге қызығушылығы жоғары.


Болат ЕРМЕКОВ – аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Аудандық мәдениет үйінде болып жатырған кино Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласына орай аудан әкімінің тікелей араласуымен және қолдауымен ұйымдастырылып жатқан шара. Әрине, аудан мәдениетінде халықтың игілігі үшін тәрбиелік мәні зор шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде бұл кино тамашалауға аудан жұртшылығының көзқарасын қалыптастыру, осы кино арқылы өткенімізді еске алу мақсатында жасалып жатырған шара. Ол үшін мәдениет үйі қызметкерлері халық көңілінен шығуға тырысып, бар мүмкіндіктерді ұйымдастыруда. Бұл да болса халықтың көпшілік шараға, бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтуға деген ықпалы деп есептеймін. Алдағы уақытта бұл қолға алынған іс жалғасын табатынына сенімдімін.


Нұршат ӨТКЕЛОВА – көрермен:

- Мақат ауданының құрылғанына 95 жыл болып отыр, міне. Ауданымызда көптеген шаралар болып жатыр. Соның ішінде аудандық мәдениет үйінде өтіп жатқан «Менің атым - Қожа» фильмін тамашаладық. Фильм қатты ұнады. Достарымызбен келдік. Өте әсерлі болды.

Кино көрсетілімдері әр аптаның жұма, сенбі күндері ересектер үшін кешкі 19 сағатта, сенбі, жексенбі күндері балалар үшін күндізгі 15 сағатта экранға шығады. Кіру билеттері ересектерге 100 теңгеден, балаларға 50 теңгеден қолжетімді бағамен көрерменін тартуда.


22 ақпан 2019, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.