Әкем алғашқы ұлына ат қоюды көп ойланып, заманы «нұрлы» әрі «бейбіт» болсын деп, менің атымды Нұрбейбіт деп қойған екен. Тілегі қабыл болды ма, 7 айдан кейін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады.
Халық арасында адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді деген тәмсіл бар. Сондықтан болар, адамдар сәбиге ат қою рәсіміне ерекше мән берген. Біреулері жаңа туған сәби болашақта елге сыйлы, абыройлы, атақты болсын деген ырыммен белгілі тұлғалардың есімін берсе, енді бірі заман көшінен қалыспайық деген оймен айтылуы да, естілуі де әдемі "сәнді" есімдер таңдайды.
Әр уақытта сән болған есімдер бар. Бұрынғы Ержан, Ерлан, Айбек, Берік, Серік деген есімдер қазіргі жас буын арасында кездеспейді. Мұндай есімдер мектепте оқыған кезімде сыныбымның өзінде қос-қостан болған еді.
Қазір атыраулықтар балаларына қандай ат қоюға әуес? Атырау қалалық АХАТ бөлімінің деректері бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2019 жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта Атырау қаласында 11 719 сәби өмірге келген. Ер балаға ең көп қойылған есім - Ибраһим (187), қыз балаға – Айзере (298).
Ибраһим - құранда аталатын Пайғамбардың есімі. Ескі арамей тілінен бастау алған, біреудің бақыты үшін өз жағдайынан бас тарта алатын адам деген де мағына береді. Ал Айзере есімі қазақша «ай» және иран тілінен «зере» - «алтын» сөзі, яғни, Алтынай есімінің синонимі.
Ұлдар арасында 2018 жылғы жиі қойылған топ-10 есім: Ибраһим - 187, Алихан - 182, Амир - 180, Нұрислам - 156, Али - 142, Ислам - 132, Мансур - 127, Муслим - 116, Айсұлтан - 112, Рамазан - 109.
Қыздар арасында: Айзере - 298, Раяна - 253, Айша - 228, Медина - 223, Амина - 201, Аяла - 168, Асылым - 161, Айлин - 161, Айару - 151, Фатима - 149.
Қойылған есімдерге назар аударсақ, араб атаулары басымырақ. Бұл жергілікті халықтың көбі мұсылман болғаннан шығар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ