Қытайда пойыз бен ұшақты пайдалану құқығынан айырылғандардың саны 6908 адамға өсті. Сенімнен шыққан азаматтардың қара тізімін қоғамдық сенім жүйесінің Мемлекеттік ақпараттық орталығы жариялады.
Баяндамаға сәйкес, 7 мыңға жуық қытайлық пойыз және ұшақ билетінен қағылған. Әлеуметтің сенімін жоғалтқандардың қатарында әсіресе Сычуань провинциясының тұрғындары көп. Соңғы уақытта Қытайда азаматтарды ынталандыру мен жазалаудың ауқымы кеңейіп келеді. Ескеріңізге салайық, соңғы жылдары Қытай елі «әлеуметтік сенім жүйесі» деп аталатын бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Соған сәйкес сенімнен шыққан азаматтарға пойыз бен ұшаққа билет сатылмайды. Бұған қоса қоғамдық көлікте тәртіп бұзғандар да бір жылға дейін оны пайдалану құқығынан айырылады. Қара тізімге лаңкестік жайлы жалған ақпарат таратқан, рейстерде бүлік шығарған, мерзімі жарамсыз билет көрсеткен, пойызда шылым шеккен адамдар да енгізіледі. Хань Фэн, Бейжің тұрғыны:
- Меніңше, мұндай жолмен тәрбиелеген дұрыс емес. Қоғамдық көлікпен өте маңызды сапарға шығуы керек болса, ондай мүмкіндіктен айырылып қалса, одан әрі ашуланады. Тәртіпсіздік жасағандарды басқа да әдіспен дұрыс жолға салуға болады. Лю Чжао, Бейжің тұрғыны:
- Сенім жоқ азаматтарды тәрбиелеудің өте тиімді тәсілі деп білемін. Ұшаққа, пойызға билет сатпау арқылы қоғамдық тәртіпті елемейтін тұрғындарды түзей аламыз. Сонда заңды сыйлайтын, ережеге бағынатын, моральдық тұрғыдан сауатты қоғам қалыптасады.
Дереккөз: 24.kz