Атырау, 24 сәуір 06:56
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Асқар Мамин шетелден автобус сатып алатын әкімдерге ескерту жасады

3 929 просмотра


Қазақстанда сапалы автобус шығарылып жатса да оны шетелден сатып алатын кейбір әкімдердің қылығы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің ашуын туғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Кейбір жекелеген жергілікті атқарушы органдардың өзімізде бәсекеге қабілетті автобус шығарылып жатса да импорттық өндірістегі автобустарды сатып алатын деректерді білеміз. Бізде бірнеше өндіруші бар, таңдау мүмкіншілігі жасалған. Өңірлерде нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Олар өткір бәсекелестік жағдайында отандық өндірісті қолдау қажеттігін түсінуі қажет. Бұған қоса, олар бәсекеге қабілетті өнім шығарып жатыр», - деді ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде. 

Сонымен қатар, бірінші вице-премьер әкімдерден шешім қабылдау барысында ең алдымен отандық өндірушілердің өнімдеріне басымдық беру керектігін қатаң ескертті.   

«Өңірлердің белгілі бір басшылары тіпті шетелге демалысқа барған кезде мұндай әрекеттерге барып жатқандығы туралы ақпарат жетіп жатыр. Мәселен, облыс әкімдерінің бірінің  орынбасары демалысқа Түркияға барып, қайтып келгеннен кейін түркиялық автобустарды сатып алу келісімшарттарын жасасу үшін келіссөздер жүргізеді. Ал оның дәл қасында, шамамен 200 шақырым жердегі көрші облыста бәсекеге төтеп беретін отандық автобус өндірісі бар. Осыдан-ақ қорытынды жасауға болады. Өңірдегі әріптестер, меніңше, бұл мәселеге барынша байыппен қарау керек», - деп ескертті Асқар Мамин. 

Айта кетерлігі, алқа мәжілісінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр 2018-2020 жылдарға арналған автобус тасымалы дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Автобус паркін жаңғырту аясында жеңілдікпен лизинг ұсынылады. Ол үшін республикалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлініп, «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ның 10 млрд теңге коммерциялық инвестициясы тартылған. «Қазір шамамен 1 мың автобус сатып алуға 30 млрд теңге бар. Өтінімнің басым бөлігі Шымкент қаласынан түскен. Олар аталған бағдарлама арқылы 800 автобус сатып алуға дайын»,- деді ол. 

Дереккөз: inform.kz

21 ақпан 2019, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.