«Жертөлелер суға толған, бірінші қатардағы пәтерлер іші қыста сыз, жазда масаға толы. Кіреберістерде электр қораптары ашық, ток желілері салбырап тұр. ПИК мүлдем жұмыс істемейді...». Тұрғындардың осындай шағымдарымен «АЖ» тілшісі Мақат ауданының орталығына барып, олардың сөздеріне көз жеткізіп қайтты. Ал ПИК қызметкерлері өз кезегінде кассаның бостығын алға тартады: қай ақшамен жасаймыз?
- Менің алты балам бар, әйелім екеуміздің табысымыз 60 мың теңгеден аспайды. Коммуналдық мәселелер шешілмеген соң, ақша төлегім келмейді. Ал олар мені сотқа беріп, шотымды жауып тастап, бір күнде бір айлық еңбекқақым 27 мың теңгені сыпырып алды. Мен суға, газге, жарыққа төлеймін уақытында, себебі олар тұрақты қамтамасыз етіп отыр,- дейді 80\4 үйдің тұрғыны Сүйіндік БАУКЕНОВ.
Электр желісінен де жасалатын жұмыстар көп екен.
- Электр желілері ашық. Балалардан қорқамыз. Жарық та жоқ. Сонда не үшін ақша төлейміз,- дейді Мақат тұрғыны Құбаш БАЙҒАЗИЕВ.
Су басқан жертөлелер мен кіреберістердегі бұзылған баспаларды аралап жүргенде қасымызға аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Бекәділ ЖАЙКИН мен «Рүстем» ПИК төрағасы Асылбек ТӨЛЕПОВ келді.
- Бұл ортақ үйлеріңіз, пәтерлеріңіз жекеменшік. Бюджеттен бұған қаржы бөлінбейді.,- деді Б. Жайкин. - ПИК міндетіне жертөле, ток жүйесі, подьезд тазалығы, жарық беру кіреді. Сізджер ақша төлемейсіздер, тығырыққа тірелу деген осы. Бірлесіп, шешімін табыңыздар.
ПИК басшысы жертөлелерде жылдар бойы жиналған лас суға араласып балшық болғанын, оны тазалау мүмкін емес екенін айтты. Қалған ұсақ-түйекті ақшаның жиналуына қарай жасауға уәде берді.
Жалпы, Мақатта 15 үйге қызмет ететін осы «Рүстем» кооперативімен бірге 12 үйді біріктіретін «Сенім» ПИК-і жұмыс істейді. Ал қалған 48 көпқатарлы үй кооперативсіз тұрып жатыр. Екі ПИК-те де техника жоқ, керек кезінде жалға алады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор