«Иран әлсіремей Орта Шығыста бейбітшілік орнамайды». Бұндай мәлімдемені АҚШ мемлекеттік хатшысы Польша астанасында ортаға салды. Варшавада өткен «Орта Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздік болашағына қолдау көрсету» атты конференцияда Майк Помпео АҚШ-тың Иранға қаратқан саясаты туралы тоқталды.
Варшавадағы аталған конференция Құрама Штаттың бас болуымен ұйымдастырылған. Беташар сөзін сөйлеген Помпео АҚШ-тың Орта Шығыстағы, әсіресе Иранға қаратқан саясаты туралы көбірек тоқталды. Оның айтуынша, Иран Йемен, Ливан, Сүрия және Ирак елдеріндегі әскери-саяси әрекеттері тым қауіпті.
Помпео сөзінде: «Иранның Ливан, Сүрия, Ирак және Йемен елдерінде жақтастары бар, бұлар үлкен қауіп. Сондықтан да, АҚШ Иранды әлсіретпей, өңірде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатылмайды», – деді.
Конференциядан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз жиынында Израиль премьері кезекті конференция туралы баға беріп, кезекті жиынды Орта Шығыс мәселесі үшін «тарихи бет бұрыс» ретінде бағалаған.
Дереккөз: qazaqtimes.com