«Кортогой» атты лақап атпен танылған, әлемде қылмыс әлемінің «шонжары» мексикалық Хоакин Гусманның үстінен сот ісі жүріп жатыр.
Гусман әлемдегі ең ірі есірткі тасымалдайтын ұйымдардың бірі «Синалоа» ұйымына жетекшілік етіп келген. Оған тағылған 10 түрлі қылмыс айыбын Бруклин Федералдық соты төрт ай уақыт ішінде қарамақ. Гусман соңғы 20 жыл ішінде Құрама Штаттар тарабынан ең көп ізделген қылмыскер болатын. Тек, 2016 жылы қаңтарда ғана «Кортогойды» тұтқындап, АҚШ-қа экстрадициялаған еді. Оған тағылған айыптардың арасында «25 жыл ішінде АҚШ-қа 155 тонна есірткі өнімдерін заңсыз кіргізген» дейтіндері де бар.
Хоакин Гусман 1953 жылы қалталы фермердің отбасында дүниеге келіп, Латын Америка мен Солтүстік Америкадағы есірткі саудасының ортасында жетілген. Оның қылмыс әлеміндегі ықпалы қысқа ғана уақыт ішінде өсіп, 1980 жылдардың соңында «Синалоа» атты есірткі тасымалдаушы қылмыстық тобын құрған. Жалпы Құрама Штаттың оңтүстік шекарасынан кіретін есірткі өнімдерінің төрттен бірі «Синалоа» арқылы кірген. Гусман Мексика түрмелерінен талай мәрте қашып шыққан. 2001 жылы түрме қызметкерлерін сатып алып, ең қатал режимдегі абақтыдан қашып шыққан. Әлемдегі №1 нарко-банда саналатын Гусман 2014 жылы қайта қолға түскен.
Алайда, бір жылдан кейін бір шақырымдық жер асты жолын қаздырып қашып кеткен. Оның сол реткі түрмеден қашуына көмек көрсеткен 6 адам тұтқындалған болатын. Жарты жылдан кейін қайта қолға түскен «Кортогой» АҚШ-қа экстрадицияланды. Алайда, Нью-Йорктегі сотта өзіне тағылған айыптардың бірде бірін мойындамады. Ұзаққа созылған бұл сотта 56 куәгер сотқа тартылған, оның 14-і қылмыс әлемнің өкілдері болған. Олар құқық қорғау органдарымен селбесуге өз еркімен келген делінеді. Тіпті, қылмыс әлемінде Гусманға оң қол болған Алекс Сифуэнтес «Кортогойдың» жас-өспірім қыздарға зорлық жасағаны туралы деректерді ұсынған. Сифуэнтес бұдан тыс, Гусманның саясаткерлерді сатып алып отырғанын, тіпті Мексиканың бұрынғы президенті Энрике Пенья Ньетогоға 100 млн АҚШ доллары көлемінде пара бергенін де айтқан. Оған тағылған 10 айып бойынша дәлелдер негізінен толық болған. Алда Гусманды өмір бойы қамау жазасына кесуі мүмкін деп күтіледі. Бұл да Құрама Штаттың Мексика шекарасына қатаң саясатының бір көрінісі болып қалды.
Дегенмен, Латын Америкадан солтүстікке ағылған есірткі тасымалы әлі де тоқтап қалмағаны анық. Бұл көзге көрінбейтін желіде жүз миллиондаған доллар көлеміндегі қаржы айналып, қылмыс дүниесінің «серкелерін» семіртіп келеді.
Дереккөз: qazaqtimes.com