Атырау, 19 сәуір 03:01
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің экс-басшысын абақтыға қамаған

2 010 просмотра


Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Ихтиёр Абдуллаев қызметінен босатылған күні жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы). 

Дереккөздерінің ақпараты бойынша, бір айға тұтқындалған Абдуллаев мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысына қамалған. Ол билікті теріс мақсатқа пайдаланған, пара алған және пара берген деген күдікпен ұсталған деп хабарлайды Озодлик. Өзбек шенеуніктерінің бірінің айтуынша, бірнеше туысы мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері ұсталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Абдуллаев қызметінен алынған.

Енді бір дереккөздері Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өз отбасы мүшелерінің телефон әңгімелерін мемлекеттік қауіпсіздік қызметі тыңдап, оларға бақылау қойғанын білгеннен кейін Абдуллаев екеуінің арасынан ала мысық өткен дейді. 2 ақпанда Мирзияев құдасын (қызының қайын атасын) мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындаған болатын.

11 ақпанда 52 жастағы Ихтиёр Абдуллаевтың денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босатылып, оның орнына осы кезге дейін қорғаныс министрі болған Абдусалом Азизов тағайындалғаны хабарланған еді. Ақпаратта Абдуллаевтың омыртқасына екі рет операция жасатқаннан кейін қызметінен кеткені айтылды. 2018 жылдың 31 қаңтарында мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалғанға дейін Абдуллаев Өзбекстан бас прокуроры, парламенттің жоғарғы палатасының мүшесі болған.

Ақпанның басында жемқорлық айыбы тағылып, соты өтіп жатқан Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыровтың түрме ауруханасына түскені хабарланған. Таныстарының бірінің айтуынша, түрме камерасында онымен бірге отырған үш адам экс-прокурорға "қылмысын мойындатқызбақ" болған.

 Дереккөз: azattyq.org

14 ақпан 2019, 17:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.