Солтүстік Корея Венесуэла билігін қолдады. Бұл жөнінде Венесуэла сыртқы істер министрінің орынбасары Феликс Пласенсиа 13 ақпан күні КХДР-ның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Ким Сонгпен кездесуден кейін мәлімдеді.
«СІМ орынбасары Феликс Пласенсиа Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Ким Сонгпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Пласенсиа өзінің солтүстік кореялық әріптесімен Венесуэлада болып жатқан саяси оқиғалар жөнінде және сыртқы күштердің саяси интервенсиясы жөнінде әңгіме қозғады. Өз кезегінде Ким Сонг Солтүстік Корея Венесуэла халқымен ынтымақтастықта екендігін айтып, өз үкіметінің ресми Каракаспен қарым-қатынасын алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті екендігін жеткізді» - делінген Венесуэла СІМ баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Естеріңізге салайық, 23 қаңтар күні Венесуэла Ұлттық ассамблеясының экс-төрағасы Хуан Гуаидо өзін уақытша үкімет президенті деп жариялап, қайтадан әділ сайлау өткізетінін мәлімдеген. Оны АҚШ, Канада, Израиль және Еуроодақ елдері қолдаған.
Дереккөз: qazaqtimes.com