Ла-Манш бұғазында апатқа ұшыраған ұшақ сынықтарының арасынан футболшы Эмилиано Саланың денесі табылды. Оны Британия коронері растады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ВВС-ге сілтеме жасап.
Бейсенбі күні су түбінен шығарылған мәйіттің Эмилиано Сала екенін Дорсет графтығының полициясы мәлім етті. Футболшы мен ұшақты басқарған ұшқыш Дэвид Ибботсонның отбасына жәрдем көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, 63 метр тереңде жатқан футболшының денесі 4 ақпан күні табылған. Бірақ судан шығарып алуға тек 7 ақпанда ғана мүмкін болды. Бұған дейін Ла-Манш бұғазынан қаңтарда із-түзсіз кеткен «Кардифф Сити» клубының тарихындағы ең қымбат ойыншы, аргентиналық Эмилиано Сала ұшқан ұшақ табылғанын хабарлаған едік.
Жеңіл моторлы «Пайпер Малибу» ұшағы Ла-Манш бұғазының үстінен ұшып өтіп бара жатқанда, 22 қаңтар күні радар бетінен жоғалған еді. Оның бортында болған футболшы Эмилиано Сала бұған дейінгі бүкіл карьерасын француз клубтарында өткізген.
«Нант» ойыншысы Уэльстің «Кардифф» клубымен келісімшартқа отырып, жаңа командасына қосылу үшін бара жатқанда апатқа ұшырады. Ол Уэльс клубының тарихындағы ең қымбат ойыншы еді. Оның трансферлік құны 15 млн фунт стерлинг болды.
Дереккөз: inform.kz