Атырау, 25 қараша 09:53
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«АЖ» қалай қызылшаға қарсы екпе іздеді?

1 872 просмотра


Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің Атырауда қызылша вакцинасының дозасы жеткілікті деген мәлімдемесінен кейін «АЖ» тілшісі мұнайлы астананың бірнеше емханасына барған еді, шындығында ондағы жағдайдың көңіл көншітерлік еместігі анықталды.

Ең алдымен қала маңындағы Геолог ықшамауданындағы емханаға бардым. Тіркеу бөліміндегілер ахуалды білмей, вакцинатор Оксана ШАЙДОЛЛАЕВАҒА жіберді.

- Дәл қазіргі уақытта бізде вакцина жоқ. Күтіп отырмыз.

- Соңғы доза қашан таусылды?

- 22 қаңтарда.

Содан кейін мен емхананың бас дәрігері Әсия НАРЫМБАЕВАҒА бардым. Ол керісінше, қолда дозаның көп екендігіне сендірді. Рас, бәріне бірдей емес:

- Қазіргі уақытта вакцина бар. Рас, тек жоспарлы екпе үшін ғана. Мен Ұлттық күнтізбе бойынша екпе салынуы тиіс балаларды айтып отырмын. Ал басқаларға сәл күтуге тура келеді.

Шығар ауыздан сәби көтерген ананы кездестірдім.

- Айтыңызшы балаңызға қызылшаға қарсы жоспар бойынша екпе салды ма?

- Күнтізбе бойынша жасымыз келді, бірақ әзірге бізге салған жоқ - өзіміз соғып, шақырамыз деді. Бүгін тек дәрігерге қаралуға келдім.

Геологтан 40 мыңнан астам қала тұрғындарына қызмет көрсететін Вокзал маңындағы №3 емханаға бардым.


Емхананың аға медбикесі Балсұлу ІЗБАСАРОВА:

- Күні кеше ғана (5 ақпан) қорымыз бітті, келесі партия 8 ақпанда болады деп уәде берді. Бірақ үш күн – ондай маңызды емес. Ал былай айтарлықтай проблема болған жоқ. Қаңтар басталғалы бізде 358 адамға екпе салынды.

Алмагүл ықшамауданында орналасқан №7 емханада екпе кабинетінің медбикелері вакцинаның бар екенін, әр адамның келіп, екпе салдыра алатынын айтты.

- Қазір қанша дозасы бар?

- Дәл айта алмаймын, бірақ көп емес, жаңа партиясына тапсырыс беріп қойдық. Бірақ әлі әкелмеді. Қоймада әзірге ештеңе жоқ екен.

Одан кейін №1 емханаға бардым. Тіркеу бөліміндегілер вакцинаның әзір жоқ екенін айтты. Мебдике де солай деді:

- Иә, бітіп қалды. Біз аудандардан сұраттық, бірақ олар да таусылған. Енді күтіп отырмыз. Қашан болатыны белгісіз.

Кешке қарай менің нөміріме осы емхананың аға медбикесі қоңырау шалды:

- Сіздің сұрағыңызға жаңадан жұмысқа кірген медбике жауап берді. Ол таңертең қоймадан 10 дозаның әкелінгенін білмепті. Оның екеуі егілді. Біз екпені бәріне саламыз. Тек сіз біздің емханаға тіркелген болуыңыз керек.

Бірер сағаттан кейін №1 емхананың бас дәрігері Азамат ҮСЕНОВ хабарласып, қарамағындағы екі қызметкердің сөзін түзетіп, емханада қазір қордың көптігіне, 210 доза бар екеніне сендірді.

Түстен кейін №5 емханаға қоңырау шалып, сол емханаға тіркелген қала тұрғыны екенімді, бір жасар балам бар екенін, оған жоспар бойынша екпе тиесілі екенін айттым. Маған вакцинаның жоқ екенін, қашан болатыны әзірге белгісіз екенін айтты. 15 минуттан кейін емханаға куәлігі бар тілші ретінде бардым, ал вакцина ғайыптан бар болып шықты.

- Бүгін бізде 8 доза қалды – бұл жаңа партия түскенше жетіп қалуы тиіс, - деді отбасылық денсаулық бөлімінің меңгерушісі Заида ЕЛЕШОВА. – Жыл басынан бері бізде 566 адам егілді, оның 449-ы – жоспардан тыс. Қалған 8 дозаны жоспарлы екпеге және науқас жандармен байланыста болғандар үшін ұстап отырмыз. 140 дозаға тапсырыс бердік, жақын күндері әкелуге уәде етті. 

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

7 ақпан 2019, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.