28 қаңтар мен 4 ақпан аралығында Атырау облысында 99 қылмыс (9 - ауыр) жасалды, оның 94-і – облыс орталығында. Ұрлық (67) көш бастап тұр. Бұл жыл басынан бері ең жоғарғы көрсеткіш.
Ұрлықтың көбі қоғамдық көліктегі жолаушыларға, қала маңындағы ықшамаудандардағы үйлер мен көліктерге жасалған. Жақында Атырауға 75 жаңа «жасыл» автобус партиясы келді, бірақ оларда бақылау камералары қарастырылмаған.
Қала шетіндегі ықшамаудандардың көбінде полиция учаскелері бар секілді, бірақ «қараңғыда мысықтың бәрі сұрғылт» дегендей, қаскөйлер өздерінің лас істерін түн қараңғысын жамылып жасайды. Оның үстіне, бұл жерлерде бақылау камералары жоқ.
Әкімшілік құқық бұзушылықтарға келер болсақ, әлеуметтік желілердегі бейнежазбадан Жайық мұзы айдынында жылдамдықпен жүйткіп жүрген көлік айқын көрінеді. 22 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағы (Нөмiр белгiлерi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару) немесе ҚР ӘҚБтК 620-бабы (Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу) бойынша хаттамалар толтырылды. «Өзге де талаптар» бұл жерде, шамасы, мұз бетімен көлік жүргізуге салынған тыйым болса керек. Басқа көлікпен өзен үстінде жүрген тағы бір бейнежазба болған, бірақ әзірге жүргізушісі ұсталған жоқ.
Фархат ӘБІЛОВ
«АЖ» оқырмандары жолдаған бейнежазба