Атырау, 25 қараша 09:43
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Нан бағасы: «аудан коэффициенті»

4 434 просмотра


Астықтың қымбаттауына қарамастан мұнайлы астанадағы «әлеуметтік» нан бағасы сол күйінде – 65 теңге болып қалды. Ал аудандарда бір қалаш бұрыннан 70-80 теңге тұрады. Баға бұдан қымбаттауы мүмкін. 

Мақат ауданы Доссор кенті мен ауданды Атыраудағы «Дәулет-Нан» және «Заман-Нан» наубайханасы қамтып отыр. Доссор кентінің әкімі Ербол ЕРМАҒАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, нан бағасы 60 теңгеден келсе, дүкеншілер 65-70 теңгеден сатуда. Кенттегі екі наубайхана халықты нанмен толықтай қамтуға дәрменсіз.

Нұрила КЕНБАЕВА, жеке кәсіпкер:

- Ұн бағасы қымбаттап кетті, сондықтан біз көп көлемде нан шығаруға мүмкіндігіміз жоқ, тәулігіне 90-100 дана нан шығарамыз. Жалпы, дүкендерде қатып қалған баға жоқ, әркім әртүрлі ұстайды. 80 теңгеден де сатып отырғандар бар.

Құрманғазы ауданында жоғары сортты нан бағасы 80-85 теңге аралығында. Әсіресе алыс ауылдарда қымбат.

Аудан тұрғындарын 70 пайыз нан және ұннан жасалатын тағамдармен қамтып отырған «Құралай» наубайханасының иесі Гаухар БОЛАТБАЕВА биыл ұн бағасы күрт көтерілгенін айтты:

- Біз жаз айларында бірінші сортты ұнды Орал қаласындағы «Белес» компаниясынан бір келісін 70 теңгеден алып жүргенбіз. Сол бірнеше айдың ішінде 97 теңгеден бір шықты. 500 грамм нанды 75 теңгеден сатамыз, қара нан жүз теңге. Бізге бағаны өсірмеңдер деп талап қояды, ал ұн бағасын бақылап отырған ешкім жоқ. Айналып келгенде зардап шегіп отырған аудандардағы шағын кәсіпкерлер. Желтоқсан айын шығынмен аяқтадық, қаңтар айы тағы солай болатын болар, себебі біз нан бағасын көтере алмай отырмыз. Ал жұмысшылар еңбекақысын өсіріңдер дейді. Негізі астықты экспортқа жібермесе, ұн бағасы көтерілмес еді. Субсидия беріп пе, әйтеуір бізге көмек жасамаса, жұмыс жасау оңай болмайын деп тұр.

Қызылқоға ауданында нан бағасы 80-100 теңге аралығында. Бұл жерде үйден нан пісіріп сататындар да бар. Сәлима ТАСҚАЛИЕВА ЖК тәулігіне 300 дана нан шығарып, өзінің үш дүкеннен 600 гр нанды 80 теңгеден сатады.  Бұрын Оралдан ұн сатып алатын, олардың ұны қымбаттап, енді 300 шақырым жердегі Ақтөбеден алуға мәжбүр. Нан бағасының өсуі жол шығынынан болып тұр дейді жеке кәсіпкер. Мәселен, дизельдік отынның литрі 250 теңгеге қымбатсыған.

Индер ауданында Индер ауданы бойынша он наубайхана қалыпты жұмыс жасап жзатыр. Нан бағасы 85-90 теңге шамасында. Базарда үйден пісірілген нан - 110 теңге.

Махабет ауданында төрт наубайхана жұмыс жасайды және Атыраудағы «Дәулет-наннан» келеді. Бірінші сортты нан бағасы - 65 теңге.

Исатай ауданында да төрт наубайхана жұмыс жасап тұр, бұлар аудан халқын 100 пайыз қамтамасыз етеді. Нан бағасы - 80 теңге.

Жылыой ауданында 13 наубайхана бар. Мониторинг бойынша бірінші сортты нан 70 теңге. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жанторе РАШОВТЫҢ айтуынша, наубайханаға субсисидия қаралмаған.           

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 ақпан 2019, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.