Атырау, 28 қараша 21:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Германияда дәрігердің қателігі дәлелденген жағдайда науқас өтемақы алады

1 536 просмотра


Ем-дом барысында дәрігердің қатесі анықталып, дәлелденсе неміс емделушілері сотқа жүгініп, мың еуро көлемінде өтемақы ала алады. Ол үшін емделушілердің зардап шеккені медициналық сақтандыру қызметінде расталуы тиіс. Бұл мекеме тәуелсіз медициналық сараптама жүргізетін ұйым.

Жалпы неміс дәрігерлері қандай қатеге жол беруі мүмкін? Оларға қолданылатын жаза қаншалықты қатаң?  Германия медицина саласындағы озық мемлекеттердің қатарына жатады. Заманауи құрал-жабдықтар мен білікті дәрігерлер кез келген науқасты аяғынан тұрғыза алатындай дәрежеге жеткен. Сондықтан Германияда ем қабылдау үшін адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен ағылады. Дерт дендеген шоу-бизнестің жұлдыздары мен мемлекет басшылары да ем іздеп, неміс дәрігерлеріне жүгінеді. Мұндағы дәрігерлер өте сирек қателеседі. Дегенмен, қатеге бой алдыратын жағдайлар жоқ емес. Дәрігер белгілеген ем-дом қонбай, керісінше емделушіге зиянын келтірсе, онда зардап шеккен тарап медициналық сақтандырудың қызметіне шағым түсіре алады. 

Тәуелсіз сараптама жүргізетін ұйым дәрігердің қате жіберген-жібермегенін және қандай ағаттық жібергенін анықтайды. Дәрігердің олқылығы дәлелденген жағдайда емделушіге өтемақы тағайындалады. Оның мөлшері жүздеген еуродан жүз мыңдаған еуроға дейін жетуі мүмкін. Мұндай кезде өтемақыны дәрігер емес, оның кәсіби жауапкершілігі сақтандырылған компания  төлейді. Бұдан бөлек емделуші қажет медициналық көмекті ала алады. 

Хендрик Хасельманн, медициналық сақтандыру қызметі коммуникациялар бөлімінің жетекшісі:

- Мәселен, егер науқасқа операция дұрыс жасалмаса, дәрігердің қатесін жөндеу үшін оған қайтадан операция жүргізіледі. Тіпті қажет болса бірнеше рет жасалады. Қомақты қаражатты қажет етсе де Германиядағы науқасты емдеу жалғасады. Бұл медициналық сақтандыру кассаларының жұмыс істеу ұстанымы. Сондай-ақ емделушіге тиісті кеңестер беріледі.

Германиядағы дәрігерлер көбінесе операция жасау барысында қателесуі мүмкін. Сондай-ақ науқастың диагнозын дұрыс қоймай, сәйкесінше емдеуге басқа дәрі-дәрмекті де белгілеуі мүмкін. Қатесі толығымен дәлелденген жағдайда дәрігер не темір торға тоғытылады немесе лицензиясынан айырылады. 

Хендрик Хасельманн, медициналық сақтандыру қызметі коммуникациялар бөлімінің жетекшісі: 

- Лицензиядан айыру жағдайлары өте сирек кездеседі. Бұл дәрігерді нанынан айыру деген сөз. 2017 жылы Берлин мен Бранденбург федералды аймақтарда 1400 сараптама жүргіздік. Оның үштен бір бөлігі ғана дәрігердің қатесін дәлелдеген. Бұл жерде ескеретіні, ауруханаларда жылына 3 миллион операция жасалады. Ал емханаларда 40 миллион қабылдау жүргізіледі. Яғни дәрігер қателігінің үлесі өте аз. 

Германияда дәрігерлер қатесінің ортақ базасы қалыптаспаған. Алайда медициналық сақтандыру қызметі сынды мекемелер ең жиі жасалатын қателердің статистикасын жүргізеді. Бұл дәрігерлер қауымдастығы қателерден сабақ алып, алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін жасалады. Себебі адам денсаулығы мен өміріне жауапкершілік ақ халатты абзал жандарға жүктелген.

Дереккөз: 24.kz

4 ақпан 2019, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.