Қашаған кенішінің операторы болып табылатын NCOC N.V компаниясында басқарушы директор ауысты.
Компанияның баспасөз қызметі Солтүстік Каспий жобасы акционерлерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен НКОК басшылығының ауысқанын растады.
Осы лауазымда 2015 жылдың желтоқсанынан бері қызмет атқарған атқарушы директор Бруно ЖАРДЭНДІ қазіргі кездегі NCOC-тің өндірістік операция директоры Ричард ХОУВ ауыстырады.
NCOC сайтында көрсетілгендей, Ричард Хоув АҚШ-тың Оберн университетінде инженерлік механика бойынша бакалавр дәрежесін, сонымен қатар АҚШ-тың Джорджия Технологиялық институтында инженерлік механика бойынша магистр дәрежесін және Австралияның Кертин университетінде мұнай өндіру технологиясы бойынша магистр дәрежесін, сонымен қатар АҚШ-тың Дьюк университетінде Іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін алған.
Хоув 2002 жылы «Шелл» компаниясында Алабама штатындағы (АҚШ) «Saraland» мұнай өңдеу зауытында жабдықтар жөніндегі инженер болып бастады, кейін сол лауазымда Луизиана штатының Жаңа Орлеан қаласы маңындағы «Norco» мұнай-химия кешенінде жұмыс істеді. Содан соң «Шелл» компаниясының Колорадо (АҚШ) штатындағы дәстүрлі емес ресурстар мен энергия көздері тобында мұнай тақтатастарының ірі кен орнын игеру жобасының инженері болып еңбек етті. Жоба ойдағыдай іске қосылған соң Р. Хоув «Шелл» компаниясының теңіз кен орындары жөніндегі бөлімшесіне ауысып, Мексика шығанағындағы суасты операцияларын жүзеге асыру кезінде қолдау көрсету және құбыр желілерінің гидродинамикалық есептері мәселелері жөніндегі техникалық маман ретінде жұмыс істеді. Кейін Хоув мырза қаржы және стратегия бөлімінде, содан соң бірнеше жыл бойы Бразилияда жүзбелі мұнай өндіру, сақтау және түсіру кешенінің басқарушысы ретінде еңбек етті. Ол Мексика шығанағы өңіріне АҚШ теңіз кен орындары бойынша техникалық мәселелер жөніндегі вице-президент болып оралды. Содан кейін Ричард «Шелл» компаниясының ғаламдық теңіз операциялары жөніндегі бөлімшесінің мұнай өндіру жөніндегі вице-президенті лауазымына тағайындалды. 2017 жылдың қазан айында NCOC компаниясында өндірістік операциялар жөніндегі директор ретінде жұмыс істей бастады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА