6 ақпанда Солтүстік Македонияны НАТО-ға қабылдау туралы хаттамаға қол қойылады деп хабарлады НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Twitter желісінде.
"6 ақпанда тарих жазылады: НАТО одақтастары [Македонияның] сыртқы істер министрі Николой Дмитриевпен болашақ Солтүстік Македония Республикасын одаққа қабылдау туралы хаттамаға қол қояды" деп жазды ол.
Қаңтар айында Македония парламенті ел атауын Солтүстік Македония Республикасы деп атауға қатысты конституцияға енген өзгерістерді мақұлдаған.
Елдің бұрынғы атауына Грекия қарсылық танытып, наразылық шараларын өткізген. Грекия құрамында Македония деп аталатын тарихи облыс бар. Жергілікті ұлтшылдар өзге елдердің бұл тарихи атауды қолдануына құқығы жоқ деп санайды.
Грекия мен Македония арасындағы ел атауына байланысты ұзақ жылдарға созылған дау шешілсе, Македонияның Еуроодақ пен НАТО-ға қосылуына мүмкіндігі болады.
Дереккөз: azattyq.org