АҚШ пен Ресей келісімге келе алмады.
«Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен Біріккен Ұлтттар Ұйымының бас қосуында Мәскеу мен Уашингтон зымыран келісіміне қатысты бір мәмлеге келе алмады» - деп мәлімдеді 31 қаңтар күні Ресей СІМ орынбасары Сергей Рябков.
«Өкінішке орай келісімге келе алмадық. АҚШ тарапының ұстанымы өте қатал және ультиматумды» - деді ол журналистер алдында сөйлеген сөзінде.
Өз кезегінде АҚШ СІМ орынбасары Андреа Томпсон Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресеймен арадағы зымыран келісіміне қатысты келіссөздер алдағы уақытта да жалғасатынына үміттенетінін айтқан.
«АҚШ жақын күндері зымыран келісімі аясында өз мойынына алған міндеттерін тоқтататынын мәлімдейтін шығар. Себебі Ресей әлі күнге дейін өзінің келісімді бұзып отырғанын мойындамады» - деді Томпсон.
Кейіннен АҚШ тарапы Ресеймен арадағы зымыран келісімінен ақпан айының 2-інен бастап шығатынын мәлімдеді.
Дереккөз: "The Qazaq Times"