Атырауда таяу күндері «әлеуметтік» нан 65-тен 70-75 теңгеге дейін қымбаттайды деген қауесет жүруде. Адамдар текке уайымдап жүрген жоқ екен: мұны «АЖ» тілшісімен тілдескен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВ іс жүзінде растады.
- Бірінші сұрыпты ұнның келісі 115 теңгеге дейін қымбаттады. Әрине, нан да қымбаттауы мүмкін. Бүгін осы мәселе бойынша үкімет селекторы өтті. Қазақстан бойынша жер-жерде осындай жағдай, астық бағасының өсуіне байланысты ұн барлық жерде қымбаттады. Дүйсенбі күні қайтадан селектор өтеді. Бізге ұн мен қордың қажет екені туралы ақпарат жинап, үкіметке ұсыну тапсырмасы берілді. Бәлкім, наубайханалар мен ұн тартатын кәсіпорындардың шығындары ішінара субсидияланатын шығар, бірақ бұл үкімет деңгейінде шешіледі.
Кеше біз наубайхана иелерін әкімдікке жинадық. Олар бұрынғы баға дәлізіне сай келмейтіндігін айтады. Дүкендер үшін бір бөлке нанның босату құнын 55 теңгеден өткізу оларға еш пайда әкелмейді.
- Оларға бағаны көтеруге рұқсат бердіңіздер ме?
- Атыраулық наубайханашылар босату бағасын әзірге 5 теңгеге көтеруді өтінді. Бұл мәселе әлі қаралады, мақұлданады. Мәселен, Орал мен Ақтөбеде қазір нан Атырауға қарағанда қымбаттау. Оларда нан 75 теңге
Ал «Дәулет-Нанның» 55 теңге болатын бөлшек сату бағасынан жоғары көтеру жоспарында жоқ. Атыраудың барлық ықшамаудандарында олардың өз сауда нүктелері бар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ