2020 жылдың наурыз айынан бастап Еуропада орналасқан Люксембург мемлекетіндегі қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы тегін болады. BBC басылымының жазуынша, Люксембургте жол кептелісі үлкен проблемаға айналған.
«Былтырғы жылдың соңында Люксембург билігі алдағы уақытта қоғамдық көлік ақысы тегін болатынын хабарлаған. Осыған байланысты 2020 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттегі трамвай, метро, автобуста жол жүру тегін болады», - деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, бұл ереже осы мемлекет арқылы өтетін 175 мың қызметкерге де қатысты, яғни, Германия, Бельгияға сағаттап жол жүріп жұмысқа баратын қызметкерлер де мемлекетте Люксембургтің 602 мың тұрғыны секілді қоғамдық көлікті тегін қолданатын болады.
«Соңғы қырық жылда Люксембургтегі халық саны 240 мың адамға көбейген. Бүгінгі таңда мемлекет Еуроодақ бойынша бір адамға шаққандағы көлік саны бойынша көш бастап тұр. Мемлекетте жұмыс істейтін азаматтардың 60% өз көлігімен қатынайды, ал қоғамдық көлікпен халықтың 19% ғана жүреді», - деп жазады автор.
Оның айтуынша, тегін жол ақысын енгізуге тек автокөліктердің қоршаған ортаға зияны мен халықты қоғамдық көлікке ынталандырудан басқа да себептер әсер еткен.
«Ең алдымен бұл - әлеуметтік шара. Оның мақсаты - кедейлер мен байлар арасындағы айырмашылықты азайту. Жалақысы аз азаматтар үшін жол ақысы да ақша, сол себепті оны мүлдем тегін еткенді жөн көрдік», - депті билік өкілдері. Дегенмен, автордың айтуынша, Люксембург тегін қоғамдық көлікке көшетін алғашқы мемлекет емес екен. «2013 жылы Эстония астанасы Таллин қаласында тегін қоғамдық көлік жүйесі енгізілген болатын. Сонымен қатар, Францияның Дюнкерк қаласы да 2018 жылдың қыркүйегінен бастап жол ақысын тегін қылған еді», - деп жазады автор.
Дереккөз: inform.kz