Атырау, 25 қараша 08:23
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Ұсынған жұмысты істемесе, әлеуметтік көмектен айырылады»

2 975 просмотра


2018 жылы орталыққа жүгінген 8 809 адамның 7 184-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, ең төменгі жалақының екі есеге жақын өсуіне байланысты қоғамдық және жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істейтіндердің еңбекақылары көтерілді. Бұл жөнінде брифингте Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы ҚАБИЕВА мәлімдеді.

Енді қоғамдық жұмысқа барғандарға 59500 теңге, жастар тәжірибесі бойынша 63150 теңге еңбекақы тағайындалатын болады. Сондай-ақ, зейнетақы қорына олардың еңбекақыларының бұрынғыдай 10 пайызы емес, 1 пайызы ұсталады. 

- Біз жұмыссыз отбасыларды есепке алып, отбасының әр мүшесіне жұмысқа орналасқанынша уақытша 3 айға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз. Бірақ олар үш ай ішінде біз ұсынған жұмыстарға орналасуы қажет. Егер жұмысқа қабілетті бола тұра ұсынылған жұмыстан бас тартса, отбасы мүшелері (кәмелетке толмағандар, 7 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған әйел және егде жастағы адамдардан басқасы)  атаулы әлеуметтік көмектен айырылады, - деді Қабиева.

«АЖ» сауалдары:

- Биыл қанша адамды жұмыспен қамту жоспарланды?

- Былтыр 9 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, биыл да өткен жылдың деңгейінде қалдырып отырмыз.

- Сотталғандар мен мүгедектерді жұмыспен қамту қалай жүруде?

- Былтыр жазасын өтеу орындарынан босатылған 18 адам, пробация есебінде тұрғандардан 57 адам және 100-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмыспен қамтылды. Соңғыларына арнайы квота қаралған. Яғни, 50-100 адамға дейінгі қызметкері бар мекеме 2 пайызға дейін, 100-250 қызметкері бар мекемелер 3 пайыз, одан көп қызметкерлері болса, жұмысшылардың 4 пайызына дейін осы санаттағы адамдарды жұмысқа алуы міндеттелген.

- Бос жұмыс орындары туралы мәліметті қайдан алуға болады?

- Орталықта бос жұмыс орындарының тізімдері бар. Сонымен қатар, Электрондық еңбек биржасы сайтына кіріп, сол арқылы тікелей жұмыс берушінің өзіне түйіндемесін жолдай алады.  

Еске салсақ, төменгі жалақы 2018 жылы 28284 теңге болса, 2019 жылы 42500 теңгеге болып белгіленді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор 

30 қаңтар 2019, 20:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.