1 ақпаннан бастап «АтырауЭнергосату» ЖШС табиғи монополияларды реттеу департаментінің биылғы 24 қаңтардағы хатына сәйкес, жаңа төмендетілген электр энергиясының тарифін енгізеді.
Электр энергиясын пайдаланатын тұтынушылар санаттары бойынша жаңа бағалар (ҚҚС-сыз) мынадай:
- тауарлар, жұмыстар өндірісі және қызмет ұсыну – бір киловатт-сағатқа 17,10 теңге,
- ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу - бір киловатт-сағатқа 13,19 теңге,
- «Атырау Су Арнасы» КМК үшін - бір киловатт-сағатқа 13,19 теңге,
- жарықтандыру және тауарлар, жұмыстар өндірісі және (тұрғындарға) қызмет көрсетумен байланысты емес басқа мұқтаждықтар үшін - бір киловатт-сағатқа 4,35 теңге.
Естеріңізге салсақ, жаңа тарифтер 2018 жылдың 20 қарашасынан бастап енгізілуі тиіс еді. Бірақ «Атырау Энергосату» ЖШС бағаны төмендету туралы монополияға қарсы органның ұйғарымымен келіспей, экономикалық талдау жүргізілмеді деген желеумен сотқа шағымданған еді. Сотта олар жеңіп шықты. Содан кейін табиғи монополияларды реттеу департаменті энергетиктерге тиісті құжаттарды ұсынып, энергетиктер ақыры ұйғарымды орындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ