Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚК-нің ескі редакциясындағы айыптау баптары - 235 («Ұйымдасқан топ құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу»), 176 («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету»), 193 («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлiктi заңдастыру») баптарымен айыпталған облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА, інісі Аманжан РЫСҚАЛИГЕ, күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВҚА және тағы 5 фигурантқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Айыпталушылардың елде жоқ болуына байланысты іс сырттай қаралды.
Сот Бергей Рысқалиевқа «Парасат» орденінен айырумен қатар ең жоғарғы қауіпсіздік мекемесінде 17 жылға бас бостандығынан айыру, Аманжан РЫСҚАЛИҒА - 16 жылға бас бостандығынан айыру, Рүстем ӘЛБАҚАСОВҚА – 16 жыл, Айбат СҮЛЕЙМЕНОВКЕ – 9 жыл, Ерболат ІЗБАСАРҒА – 9 жыл, Нұрлан ЖҰЛМАҒАМБЕТОВКЕ – 9 жыл, Мұрат ЖЕЛДІБАЕВҚА – 8 жыл, Артем ДАНЕВИЧКЕ 6 жыл жарымға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкімде бұл жазалармен қатар барлығының мүліктерін тәркілеу көрсетілген. Жаза мерзімі әрқайсысының нақты ұсталған күнінен басталады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА