Өткен аптада Атырау облысының Махамбет ауданында «Охотзоопром» өңірлік филиалының инспекторлары мүйіздері кесіліп, атылған 10 киіктің өлексесін тапты. Сол жерге Махамбет АІІБ жедел тергеу тобы шақыртылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, браконьерлер мүйіздерін аралап алып, жануарларды далаға тастап кеткен.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде әзіл-қалжыңмен киік лағын көтеріп апарып, қызметтік көліктің жүксалғышына салып жатқан бейнежазба таралуда.
«АЖ» Атырау облыстық Полиция департаменті жанындағы табиғат қорғау полициясының инспекторы Дарын ТАУМАНОВТАН осы роликке түсінік беруді өтінген еді:
- 21 қаңтарда бізге қала маңындағы Ракуша ауылынан шақырту түсті. Жеке ауладан кішкентай киіктің лағын тауып алыпты. Жануар әлсіз, өздігімен жүре алмайтын еді. Полицейлер оны әрі қарай ветеринарларға тексерту үшін балық қорғау инспекциясына алып кетті.
Естеріңізге салсақ, киік Қазақстанның «қызыл кітабына» енген жануар және толықтай құрып кету шегінде тұр.
Фархат ӘБІЛОВ