Атырау, 25 қараша 08:35
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Астраханнан тамақ алып, Қарабайлыда туады

Сурет
4 868 просмотра


«АЖ» редакциясына Құрманғазы ауданы орталығынан 300 шақырым шалғай орналасқан Азғыр өңірінің тұрғындары хабарласып, қыстың көзі қырауда ауылда азық-түлік, жем-шөп, медициналық қызмет көрсету мәселелері туындағанын жеткізді. Мәселенің мән-жайын білмек болып, сол елдің тумасы,  қазір аудандық мәслихаттың депутаты, зейнеткер жастағы Мансур ҚУАНЫШӘЛИЕВКЕ хабарластық. Бір жақсысы, ол кісі шындықты бүгіп қалмады.  

- Мен Балқұдық ауылының тумасы болғандықтан жиі барып тұрамын. Биыл Азғыр өңірінде жағдай қиын, қыс қатты, қар қалың түсті. Одан кейін мұздақ, тағы да қар жауып, мал қолға желтоқсанда тұрып қалды, мал азығы азая бастады. Егер қыс ұзаққа созылса, қиын болады. Ал ауылдар арасындағы байланыс мүлдем қиындап кеткен, жолдарды қарлы боран жиі жауып тастайды,- деді М. Қуанышәлиев.

Депутаттың айтуынша, Азғыр ауылдық округіне қарасты Балқұдықта 7, Сүйіндікте 7, Асан ауылында 3 дүкен бар. 2011 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы ауызша келісімінен кейін ауыл кәсіпкерлері азық-түлік өнімдерін 60 шақырым жердегі ресейлік Астрахан облысы Қарабайлы кентінен таситын. Өткен жылдың қараша айында осы ауызша келісімді тоқтатып тастады. Енді кәсіпкерлер азық-түлік, басқа да тауарларды Астрахан қаласынан тасиды. Жол қашықтаған сайын тауарлардың бағасы да аспандап кеткен.

Мансур ҚУАНЫШӘЛИЕВ
- Мен жақында осы жеті дүкеннен бір қапшық астық таппадым. Жергілікті тұрғындар астықты көп пайдаланады, нанды үйден пісіреді,- деді ақсақал. - Жалпы сол күні ауыл дүкендеріндегі азық-түлік бағасы (1 кг): бөлке нан – 120 теңге, макарон - 190-200, 3,2 пайыздық  сүт - 280-300, айран -  450-500 теңге, сүзбе - 600-800, сары май -  650-700, 10 дана  жұмыртқа - 400-450, қант 280-300, қарақұмық 250-280, тауық еті - 850-1000, күріш 280-300, жуа 130-150, сәбіз 140-180, картоп 130-150, капуста - 230 теңге.

Осы Азғыр ауылдық округіндегі тағы бір өзекті мәселе – медициналық қызмет көрсету. Сүйіндік пен Балқұдықта аурухана бар. Бірақ бүгінде жүкті әйелдердің мәселесі шешілмей келедді.


- Мен округтегі Балқұдық, Асан, Сүйіндік ауылдарындағы жүкті әйелдердің босану статистикасын қарадым, сонда 2016 жылы айына 9 әйел, 2017 жылы 8 әйел босанған. Осы әйелдерді жүктілігінің жеті айында аудан орталығы Құрманғазыға жібереді. Әрине, өз еркімен емес.. Денсаулықтарында кінараты болса бір жөн, амалсыздан екі ай бойы ол әйелдер Құрманғазыға барып жатады, оның артында қалған бала-шағасына, отбасына қарамайды,- деді М. Қуанышәлиев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, ақшасы бар тұрғындар қолхат беріп, Қарабайлыға барып босанады екен. Одан Ресейдің туу туралы куәлігін алып шығады, елге келгеннен құжаттарды қайта ресімдейді. Еш қиындығы жоқ, алайда көп үшін ақша керек... 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 қаңтар 2019, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.