Атырау, 25 қараша 08:43
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Шу шығарудың не қажеті бар?»

3 194 просмотра


2019 жылдың алғашқы күндерінде Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «Атырау облысы футбол құрама командасын маусымдық Қазақстан Кубогіне және Чемпионатына дайындау бойынша қызметтерді көрсету» үшін 1 млрд 922 млн 700 мың теңгеге конкурс жариялады. Ақша облыс бюджетінен бөлінеді. Қазіргі таңда аталмыш лотқа қызығушылық танытқандардан тапсырыс қабылдау жүріп жатыр.

«ӘЗІРГЕ ӨТІНІШТЕР ЖОҚ»

Лоттың тапсырыс берушісі ретінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл ЕСДӘУЛЕТОВ, жеңімпазды анықтау жөніндегі комиссия төрағасы басқарма басшысы ретінде Ринат ИБРАГИМОВ бекітілген. Комиссия құрамына оның орынбасары Нұржауған ТӨЛЕУОВА мен маман Аманжол  САҒЫНҒАЛИЕВ кірген.

- Мұндай ақша жыл сайын бөлініп жатыр ғой. Шу шығарудың қажеттілігі қанша? Бұл қаражат өзіміздің «Атырау» футбол клубын жан-жақты қолдау үшін бөлініп жатыр. Спортты қолдау – басты мақсатымыз, - деп Ринат Ибрагимов «АЖ» тілшісіне телефон арқылы пікірін білдірді.

- Бұл қаражатқа «Мұнайшыны» жөндеу қарастырылған ба?

- Жоқ, бұл үшін біз инвестор тартуды қарастырып жатырмыз. Өткен жылы стадионға «газон» өспегендіктен Қазақстан Футбол Федерациясы ойын өткізуге рұқсат бермеген болатын, сол себепті Томарлыдағы стадионда бірнеше ойындар өткіздік. Биыл жазда «газон» өссе, ойындарымызды «Мұнайшы» стадионында өткізетін боламыз.

- Тендердің нәтижесі қашан шығады? Неше адамнан өтініш келіп түсті?

- Әзір өтінімдер жоқ, бірақ өзіңіз білесіз ғой, тек қана бір клуб бар, солар алатын болар.

Р. Ибрагимов өткен жылы осындай тендерді ұтып,  1 млрд 473 млн 121 мың теңге бюджет ақшасын алған «Атырау» кәсіби спорт клубын айтып тұрған шығар. Назар аударсаңыз, биылғы бөлінген қаржы бұдан 500 млн теңгеге артық.

Тендер 26 қаңтар күні аяқталуы тиіс. Айта кету керек, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы футбол командасына ақша бөлу процесіне қатысқанымен, клубтың кадрлық саясатына араласу құқығынан айырылған болатын.


«МҰНДАЙ ҚАРЖЫ ЖҰМСАУҒА ЖАҒДАЙЫМЫЗ ЖЕТЕДІ»

Естеріңізге салсақ, соңғы жылдары жергілікті билік «Атырау» футбол командасын 7 рет сатуға шығарды: алдымен 10 млрд теңгеге, кейін 9-ға, одан соң 8 млрд теңге сұрады. Нәтижесінде, сатып алушылар жоқтығынан футбол клубын болашақта сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берді.  

- Жекеменшікке өтті екен деп клубқа ақша бөлінбей қалуы дұрыс емес, - дейді облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрсұлтан БИСЕМБИЕВ.Клуб сенімгерлік басқаруда, оны тек 10 жылдан кейін ғана, ешқандай қарызы болмаса, Қазақстан Футбол Федерациясының талаптарын орындаса ғана сатып ала алады. Сіз айтып отырған сома ондай көп емес, №1 спортты қолдау үшін қаражатты облыстық бюджеттен бөлуге біздің әл-ауқатымыз толық жетеді.

ЖАСТАРДЫ ОЙНАТҚАН ПАЙДАЛЫ МА?

Соңғы жылдары «Атырау» ФК турнир кестесінде соңғы орындарда жүр. Мысалы, өткен маусымда 12 командасы ішінде 9 орынды иеленді. Қол жеткізген соңғы жетістігіміз – 2009 жылғы ел кубогы. 2000 жылдардың басында екі рет ел чемпионатының күміс жүлдесін алып, еурокубоктарда ойнаған, стадиондар жанкүйерлерге лық толатын кездер көзден бұл-бұл ұшты.

Көптеген жергілікті жанкүйерлер (қазір көп те емес шығар) шетелдік «легионерлерге» көп қаржы жұмсағаннан гөрі жергілікті жас ойыншыларды негізгі құрамға қосып, тәжірибе жинақтаса, тиімді болады деген пікірде. Айтпақшы, бірнеше жылдан бері ФК жанында балалар футбол орталығы жұмыс істеп, мұнда әр түрлі жастағы балалар дайындылып жатыр.

Десек те, 2019 жылды «Атырау» ФК екі шетелдік ойыншы – 30 жастағы сербиялық Дарко БЬЕДОВ пен 28 жастағы  Йосип ИВАНЧИЧТІ сатып алумен басталды.  Әдеттігідей, оларды қанша сатып алғандығы жөніндегі ақпарат хабарланбады.

Қазір «Атырау» командасы Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр, мұнда  олар бірнеше жолдастық кездесулер өткізеді.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор

22 қаңтар 2019, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.