«Атырау Энергосату» ЖШС табиғи монополияларды реттеу департаментінің тарифті 4,77%-ға төмендету туралы шешімін жоюға қол жеткізіп, сот процесін жеңіп шықты. Енді монополияға қарсы қызмет жаңа есептеулер жүргізуі тиіс.
Өткен жылдың 20 қарашасынан бастап электр энергиясының орташа өткізу тарифін 4,77 пайызға төмендету туралы департамент шешімімен келіспеген энергиямен қамтушы компанияның талап арызын Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соты қараған еді.
- Біз тарифті мұндай пайызға төмендеткеніне келіспедік. Сот монополияға қарсы департаментті талдау жүргізбестан бағаны төмендету туралы дәлелді қорытынды шығарған, бұл «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына қайшы келеді деп таныды, - деп хабарлады «Атырау Энергосату» ЖШС директорының орынбасары Тұрлан ДОЩАТОВ.
Ал Департамент осыған қатысты өз комментарийін ұсынды: «Атырау қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Атырау Энергосату» ЖШ-нің талап арызы қанағаттандырылды, соған байланысты Департаменттің 2018 жылғы 13 қарашадағы дәлелді қорытындысы жойылды.
Сонымен қатар, 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 124-8-бабы 1-тармағы бесінші тармақшасының абзацы негізінде Департаменттің 8.01.2019 жылғы №6-07/23 хатымен «Атырау Энергосату» ЖШС-нен бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті ақпарат сұратылды.
15.01.2019 жылғы №04-4840 хатымен «Атырау Энергосату» ЖШС сараптама жүргізу үшін құжаттар ұсынды. Оның нәтижесі бойынша Департамент Бас прокуратураның 2018 жылғы 28 қыркүйектегі ұйғарымын ескере отырып, «Атырау Энергосату» ЖШС-нің электр энергиясын бөлшек сату бағасын төмендету туралы шаралар алатын болады».
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ