Жақында Атырауда Бауыржан Момышұлы көшесіндегі тоғыз қатарлы үш үйдің 20 жылдан бері жұмыс істемей тұрған жеделсатылары жаңа түркиялық қондырғылармен ауыстырылды. Алайда бүгінде көп қабатты тұрғын үйлердегі 301 дана жеделсатының 32-і жұмыс жасамайды. Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат ХАБИЕВ брифингте айтқандай, қалған 26 лифтіні ауыстыруға бюджетте ақша жоқ.
«АЖ» сұрақтары:
- Биыл Атырауда бірнеше лифтілер құлап, тұрғындар зардап шеккен болатын. Сол туралы не айта аласыз?
- Әр оқыс оқиғадан кейін зерттеу жұмыстарына кірісеміз. Себеп-салдарын анықтаймыз, кейін іс материалдары тиісті органдарға жолданады. 2014 жылға дейін лифтілерді тексеріп-жөндеумен тек бір ғана жеке компания айналысқан болатын. Қазір, өкінішке орай, Атырауда лифт жөндейтін маман да, қаржы да жоқ. Ақшаны жергілікті бюджеттен де, республикадан да сұрап жатырмыз.
- Өткен жылы тұрғын үйлердің жағдайын тексеруге қанша қаражат бөлінді?
- 2018 жылы 9 көпқабатты тұрғын үй зерттеліп, 8 үй ғана апатты деп танылып, 1 үйді жөндеуге болады деген қорытынды шығарылды.Сонымен қатар, былтыр Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 429 млн теңгеге 8 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және қайтарымды қаражат есебінен 205 миллион теңгеге тағы да 4 үй жөнделді. Қазір 24 көпқаббаты үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық-жоба құжаттары жасақталып жатыр.
- ПИК-тер таратыла ма?
- Бұл жөнінде нақты ештеңе айта алмаймын. Дегенменде Атырауда 930 көпқабатты тұрғын үйге кондоминиум объектілерін басқару органдары қызмет көрсетеді. Қала аумағында 71 Кондоминиум объектілерін басқару органдары тіркелген. Оның ішінде 15 жеке кәсіпкер, 4 ЖШС, 1 тұтынушы кооператив және 51 ПИК бар. Бұлардың барлығы Atyrau.opencity.kz сайтында тіркелген, барлық тұрғындар үйде отырып арыз-шағымдарымен, тапсырыстарын жаза алады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор