16 қаңтар мен 15 ақпан аралығында Жайық өзеніндегі ау салатын учаскелерде балықтың жай-күйін бақылау үшін аулау айлығы өтеді. Мақсат - өткен жылдың желтоқсанындағы балықтың қырылуынан кейін мониторинг жүргізу. Бұл туралы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ хабарлады.
Шараға Жайық арнасында аулау учаскесі орналасқан 9 балық аулау кооперативінің, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі департаментінің, балық шаруашылығы институты филиалының және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының қызметкерлері қатысады.
Алғашқы ау салуға «АЖ» тілшілері қатысты.
Біз бекіре зауыты балық аулайтын Төменгі Пешнойдағы тартымға қарай бет алдық. Бұл балық ең жақсы түсетін жер деп саналады, өйткені теңіздің тамағына жақын орналасқан.
Балықшылар біраз бұрын құрған ауларын тартып шығарды. Алдымен ең төменге салынған тор көзі 20 сантиметр диаметрдегі ауды шығарды.
Мұндай ау бекіре балығын аулауға арналған. Ұзындығы – Жайықтың ортасына дейін жетеді. Ауға ештеңе түспепті, тек жартылай шіріген балық қана ілініп шықты.
Қарап шықтым: әр жерден жақында ғана жаппай қырылған балық іздері - мұзға қатқан өлі мөңке балықтар көрінеді.
Келесі, өзен ағысынан жоғары орналасқан ау – қара балыққа арналған, тор диаметрі - 7 сантиметр. Ұзындығы 30 метр. Ауға ұзындығы 50 сантиметрдей екі сазан, бір ірі мөңке және бір кішкентай қылышбалық түсіпті. «Балық мұзда секіріп жүр», - деп жазып алды ихтиолог. Ал мен: бәлкім, ол өзенге енді кірген шығар, қандастарының қырылғаны туралы бейхабар болар деп топшыладым.
Осындай екінші аудан кішкентай екі қылышбалық шықты.
«ҚазБШҒЗИ» ихтиологы Мизан АБДОШОВА балықтың ұзындығы мен салмағын мұқият өлшеп, кейін еті мен ішкі құрылысына талдау жасайтынын айтты.
- Сіздер бізге өзеннен теңізге кетіп жатқан өлі балықтардың көптігін көрсетпес үшін 7 сантиметрлік көзі бар ауды әдейі құрдыңыздар ма?- деп, бекіре өсіру зауытының директоры Ғилман СӘРСЕМАЛИЕВҚА «тиіспек» болдым.
- Біз қара балық түрлерімен емес, бекіре балығымен жұмыс істейміз. Сондықтан бізде кіші көзді торлар болған жоқ. Сатып аламыз, сосын қоямыз.
Рейдтен Жайық жұтайғандай әсерде келдім.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ