АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні халыққа арнаған мәлімдемесінде Мексикамен шекарадағы дуал құрылысын қаржыландыру мен "шатдаунды" (үкімет жұмысының жартылау тоқтауы) тоқтатуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Трамп Мексикамен шекарада тұрғызылуы тиіс деп есептейтін дуалдың орнына 370 шақырымға созылатын бөгет (барьер) салуды ұсынды. Бірақ бұл жолы да оған 5,7 миллиард доллар қажеттігін айтты.
АҚШ пен Мексика арасындағы құрлықтық шекараның ұзындығы - 3145 метр. "Шамамен 1050 шақырым түрлі қоршаулармен бекітілген" деп жазды BBC. Бұған қоса, Трамп АҚШ-тың шекара-кеден қызметіне жаңадан 2750 қызметкер алуды ұсынды. Ол сонымен бірге мигранттар ісін қарайтын соттардың санын арттыру қажеттігін айтты.
Бұған дейін Трамп конгрестен оңтүстік шекараға дуал тұрғызуға бес миллиард доллардан астам қаражат сұраған. Бірақ АҚШ конгресінде саны басым демократтар Мексикамен шекарада қабырға құрылысын қаржыландырудан бас тартып, оның соңы үкімет жұмысының ішінара тоқтауына әкелген.
22 желтоқсаннан бері АҚШ-тың 800 мың мемлекеттік қызметкері айлықсыз қалған. Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ-та "шатдаун" кесірінен әр екі аптада өндіріс 0,1 пайызға қысқарып отыр.
10 қаңтарда Трамп Мексикамен шекарада қабырға тұрғызу мәселесі шешілмесе, елде төтенше жағдай жариялануы мүмкін деп мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org