Тағайындалған 12 министрдің 11-і өз орнын сақтап қалды. Бірақ 5 мекеменің тағдыры әлі шешілмеген. Себебі, премьер-министр Никол Пашинян министрліктердің санын 17-ден 12-ге дейін қысқартуды көздеп отыр.
Реформа ел бюджетін үнемдеп, мекемелердің бір-бірінің міндеттерін қайталамау үшін жасалмақ. Бірақ мәселені әлі парламент қарауы тиіс. Арменияның жаңадан жасақталған үкіметінде бұрынғы министрлердің барлығы өз орындарын сақтап қалды десе болады. Тек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы болып осы мекеме жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған Заруи Батоян келді.
Грант Микаэлян, «Кавказ институты» сараптама-талдамалық орталығының ғылыми қызметкері:
- Пашинян бұл тұлғаларға сенімді, алға қойған міндеттерді атқара алатын білікті мамандар ретінде қарайды. Сондықтан бұлар лайықты кадрлар деп саналады.
Бірақ 5 министрлікке қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Үкімет оларды біріктіруді жоспарлап отыр. Осыған байланысты жаңа заң жобасы да дайындалған. Мысалы, Энергетикалық инфрақұрылым және табиғи ресурстар министрлігі мен Көлік, байланыс және ақпараттық технология министрлігінің көлік бөлімі Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігіне қосылмақшы.
Ал Диаспора жөніндегі министрлік толықтай жойылмақ. Тек Сыртқы саясат, Төтенше жағдай, Қорғаныс, Қаржы, Еңбек және әлеуметтік мәселелер, Денсаулық сақтау, Әділет және Қоршаған ортаны қорғау министрліктері өзгеріссіз қалды.
Грант Микаэлян, «Кавказ институты» сараптама-талдамалық орталығының ғылыми қызметкері:
- Жалпы, өзгерістер басқарудың тиімділігін арттырып, шығынды қысқартуға бағытталғаны белгілі. Бірақ бұл істе дәл қандай министрліктің ісін оңтайландыру керектігі және ол қалай жүргізілуі жайында нақты дәлелдемелер жоқ. Өйткені мұндай зерттеулер жүргізілмеген.
Арменияда егер министрлердің үштен екі бөлігі тағайындалса, үкімет жасақталды деп саналады. Бірақ парламент министрлер кабинетін реформалау мәселесін әлі талқылауға кіріскен жоқ. Себебі, мұндай заң жобасы Ұлттық жиынның назарына ұсынылмаған.
Дереккөз: 24.kz