Өткен жылы Атырау облысында полиция қызметкерлері 1000-ға жуық нысанды, соның ішінде балабақшаларды, мектептерді, ойын-сауық және сауда орталықтарын, қоғамдық тамақтану нүктелерін, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді террористік қауіп-қатер бойынша тексерді.
Тексеру нәтижелері бойынша 92 әкімшілік хаттама толтырылды, олардың 11-і (қайталағаны үшін) сотқа жіберілді.
Полиция талаптары негізінен бақылау жүйелеріндегі кемшіліктермен байланысты.
- Көбінесе нысандарда бақылау камераларының түсіру диапазоны өте төмен болады немесе жазбалардың сақталу мерзімі бойынша талаптар бұзылады. Мысалы, мектептер мен балабақшаларда олар кемінде 30 күн сақталуы тиіс. Бұл ереже үнемі сақтала бермейді. Тағы бір кең тараған бұзушылық - нысанның терроризмге қарсы паспортының жоқтығы, -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.
Ұйғарым алғаннан кейін нысан басшысы 30 күн ішінде бұзушылықты жоюы керек. Олай болмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 149-бабына сәйкес, меншік нысанына байланысты оған 100-ден 500 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салынады. Мысалы, Жылыой ауданындағы мейрамхана иесіне 168 350 теңгеге айыппұл салынған.
Фархат ӘБІЛОВ