Атырау, 25 қараша 11:22
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Балық аммиакқа уланған. Улаушы кім?

Бейнежазба
3 581 просмотра


Өткен жылдың желтоқсанында қала шегіндегі Жайық өзенінің және балық өсіру зауыттарының астауларында 107 тоннаға жуық балықтың өлгені анықталды. Атырау облысына арнайы іссапармен келген ҚР Орман жəне жануарлар әлемі комитеті балық ресурстарын қорғау жəне балық шаруашылығын реттеу департаментінің басшысы Қадырбек ЕСҚАЛИЕВ өңірдегі балық өлімі ахуалына қатысты өткен жиында осындай цифрды мәлімдеді.  

1,3 тонна балықтың өлексесі алғаш рет 2 желтоқсанда Перетаска өзегінде табылды. Келесі күні «Атырау Су Арнасы» КМК аумағынан ағыспен төмен қарай 4,1 тонна өлген балық жиналды, әрі қарай бұл сан өсе берді. 

- «Луговой жылқы зауыты» ЖШС балық өсіру шаруашылығында 100 тонна жасанды өсірілген балық қырылды. Зертхана қорытындысы бойынша балықтардың аммиакқа уланып өлгені анықталды. Қазір Жайықты ластағандарды табу жұмыстары жүріп жатыр, - деді Есқалиев.

«Атырау-Жайық» бекіре шабағын өсіру зауытында да шығын аз емес. Онда 175 дана, салмағын айтқанда, 1,7 тонна балық қырылған. 

- Қазір бізде 100 шақты балық қалды. Олардың ішінде әзірге ауырғандары байқалмайды, -деді зауыт директоры Ғилыман СӘРСЕМӘЛИЕВ.

Қазіргі таңда балықтың жаппай өлімі фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 328-бабы (Суларды ластау) және 336-бабына (Балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу) сәйкес екі қылмыстық іс қозғалды. Барлық өлі балықтар қазір арнайы мұздатқыштарда сақтаулы және тергеу іс-шаралары аяқталғаннан кейін жойылады. 

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКОВТІҢ айтуынша, қазір өлген балықтарды жинау жұмыстары тоқтаған, алайда мұз еріген соң кері жалғасады. 

Облыстық аумақтық ветеринарлық бақылау инспекция басшысының орынбасары Слухия БИСЕНОВА қазір мұздатқыштарда сақтаулы тұрған өлі балықтардың бәрі жеуге жарамсыз екенін қатаң ескертті.  


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

16 қаңтар 2019, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.