Венесуэла парламенті ел президенті Николас Мадуроны билікті озбырлықпен басып алушы деп жариялады. Көпшілігі оппозиция өкілдерінен құралған Венесуэла парламенті президент қабылдаған шешімдерді жарамсыз деп санайды.
10 қаңтарда Венесуэла президенті қызметін екінші мерзім атқаруға кіріскен Николас Мадуро бұл орнында 2025 жылға дейін отырмақ. 15 қаңтарда CNN телеарнасы АҚШ Венесуэла парламентінің спикері Хуан Гуаидоны Николас Мадуроның орнына елдің заңды басшысы деп тану жайын қарастырып жатқанын хабарлаған. Телеарна дереккөздері Вашингтон бұған қоса Каракасқа санкцияны қатайту, оның ішінде Венесуэла мұнайына толық эмбарго енгізу жайын ойластырып жатқанын айтқан.
Венесэуланың бұрынғы президенті Уго Чавес қайтыс болған соң билікке келген Мадуро елді 2013 жылдан бері басқарып отыр. Ол Чавес "боливар социализмі" деп атаған экономикалық саясатты жалғастыра беруді қолдайды.
АҚШ пен Латын Америкасы елдері Николас Мадуроны бұған дейін-ақ билікті озбырлықпен басып алды деп атаған. Бұл елдер Мадуроны адам құқықтарын бұзды деп айыптайды.
Бұған қоса 2018 жылы Венесэулада экономикалық дағдарыс тереңдеп, инфляцияның жылдық мөлшері бірнеше есеге ұлғайған. Елдегі қалалардың көбінде күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік қат болып, миллиондаған адам жұмыс іздеп басқа елдерге кетуге мәжбүр болған.
Дереккөз: azattyq.org