Бергей Рысқалиевтың «отставкасы» дәуірінен бері қаңырап тұрған Атыраудағы концерт залының салынып бітпеген ғимаратын жандандыруды ұйғарыпты. Мұнайлы астананың болашақ көрнекі орнына қатысты жоспарлармен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВ бөліскен еді.
Биліктің пікірінше, Атырау үлкен концерт залына мұқтаж. Алайда қалада оны салатын жер жоқ. Сондықтан әуежай трассасының бойында орналасқан концерт залының құрылысын аяқтау ұйғарылған.
- Салынған ғимарат бұзылмайды, құрылымына техникалық сараптама жасайтын қазақстандық ірі компаниялардың бірімен келісім жасадық. Мен тозығы жетті немесе шіріп кетті деп ойламаймын, бірақ іргетасына көңіл аударып, оны нығайту керек, - деп есептейді М. Аманов.
Әңгіме барысында ол концерт залының жанында орналасқан басқа аяқталмаған құрылыс - монша кешені туралы еске салды. Амановтың айтуынша, бұл жерде шығармашылық орталық ашылып, концерт залымен бірге мәдени кешен бой түземек.
Бір қызығы, 2014 жылы облыстық мәслихат сессиясында сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ 1200 орындық концерт залын салу идеясы әуел бастан қателік болғанын, тіпті, қолданыстағы 600 орындық облыстық драма театрының өзіне көрермендер әрең толатындығын мәлімдеген еді.
- Біз оған әрі кеткенде жылына бір рет жиналамыз. Халық толмаса, бос орындарды студенттермен толтыруға тура келеді. Ендеше бізге 1200 орындық концерт залы неге керек? Алла Пугачева келетін болмаса, - деп әзілдеген еді сол кезде Ізмұхамбетов. Сөйтіп, салынып бітпеген концерт залының іргетасына үлкен балабақша салуды ұсынған болатын. Бірақ жоспар қайта өзгеріпті.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор