Атырау, 19 сәуір 13:42
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

ҚСДП: Қытайға қарсы акцияларға Атамбаевтың қатысы жоқ

1 549 просмотра


Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) елде Қытайға қарсы көңіл-күйдің өршуін партия қызметімен байланыстыру әрекеттері жиілеп отырғаны туралы мәлімдеді. ҚСДП баспасөз хатшысы Құндыз Жолдыбаева таратқан ресми хабарламада:

"Біздің саяси қарсыластарымыз бұл кезекті жалған және лас ақпараттық арандатулар арқылы өздері жіберген қателіктерді экс-президент Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарына жапқысы келеді. Кәсіби арнайы қызметке арандату мақсатындағы митингілерді расымен кім ұйымдастырғанын анықтау қиын емес" делінген.

Баспасөз хатшысы Қытайға қарсы митингілерге ҚСДП жетекшісі, Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың да, партияның да қатысы жоқ дейді.

Өткен жылы желтоқсанда "Кыргыз чоролору" қозғалысының белсенділері Қытайдан келген заңсыз мигранттарды елден депортациялауды талап етіп бірнеше қарсылық акциясын өткізген. Ұйым мүшелері билік талаптарын орындамаса, ол іспен өздері айналысатынын мәлімдеген.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Қытайдан келетін заңсыз мигранттар ағынын тоқтатуға шақыратын хабарламалар мен видеолар тарай бастаған. Қырғызстан ішкі істер министрлігі «этникааралық алауыздықты қоздырып, арандатқандардың» жауапқа тартылатынын ресми түрде ескерткен.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков әлгіндей арандатуларды "ішкі күштердің мәселені саясиландырып, Қытаймен қарым-қатынасты бұзу әрекеті" деп атаған.

"Қандай сыртқы күштер екенін білмеймін, бірақ мұндай ішкі күштерді білеміз. Бір нәрсе істеймін деп ойламасын! Барлығын жауапқа тартамыз. Мемлекетте заң мен билік жұмыс істеп тұр. Біз ешнәрседен қорықпаймыз. Барлығына шара қолданамыз, мәселені шешеміз" деген 9 қаңтарда Шу облысының Сокулук ауданы тұрғындарымен кездесуінде президент Жээнбеков.

Дереккөз: azattyq.org

15 қаңтар 2019, 16:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.