Атырау, 29 қараша 00:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Беларусь пен Ресей қарым-қатынасы мұнай саудасына байланысты нашарлауы мүмкін

1 835 просмотра


Беларусь пен Ресей қарым-қатынасы мұнай саудасының салдарынан тағы да нашарлауы мүмкін. Себебі Ресми Минск Мәскеу тарапы қабылдаған салықтық өзгертулерге қырын қарады. 

Сол арқылы Ресей батыс елдерге жол ашатын жалғыз одақтасынан айырылып қалу мүмкін екенін ескертті. Бұған қатысты Мәскеу ресми мәлімдеме жасауға асықпауды құп көріп отыр. Беларусь халқы тиыннан теңге құралатынын енді ғана түсінген сыңайлы. Былтыр бұл елде жанар-жағармай бір тиынға қымбаттады. 

Баға 30 мәрте өсті. Әр қымбаттаған сайын 1 тиыннан қосылып отырды. Жүргізушілер қанша наразылық білдіргенімен, мұнай өндіруші компаниялар әлемдік қара алтын нарығындағы жағдайды сылтау етті. Жыл қорытындысында мұнай бағасы барреліне 85 долларға қымбаттаған. Бірақ бірнеше күн бұрын елде жанармай бір тиынға арзандады. Қазір 95 маркалы бензиннің бір литрі 71 центке пара-пар. 

Енді Беларусь халқын бұл мәселемен қоса, Минск пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас алаңдата бастады. Себебі Ресей 2024 жылға қарай Беларусь импорттайтын мұнайға баж салығын салуды көздеп отыр. Бұл одақтас елдердің ынтымақтастығына кері әсерін тигізуі мүмкін. 

Олег Гайдукевич, Беларусь либералды-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Біз Ресейден артық ештеңе сұрамаймыз. Тек мемлекет басшылары арасында жасалған келісімдер бойынша одақтастық туралы шарт талаптары орындалуы тиіс. Ал жанар-жағармай бағасының қымбаттауына келсек, бұл өндірушілердің көп табыс табуға деген ынтасынан туған мәселе. 

Жалпы Беларусь мұнай өңдеуші екі зауыты үшін Ресейден 18 миллион тонна шикізат сатып алады. Сөйтіп, ішкі нарығына жанар-жағармай өндіреді. Оның бағасын ресми Минск те өсірмеу қажеттігін алға тартып отыр. Алайда, бұл мәселе мұнай өңдеуші зауыттар арқылы шешіледі. Бағаны кезең-кезеңімен өсірмесе, шикізатқа кететін шығын өтелмей қалады. Сондықтан сарапшылар жанармай құны тағы қымбаттайды деп болжам жасады. 

Артем Волчек, жүргізуші: 

- Еуропа елдеріне барған кезімізде біздегі жағдайдың қалыпты екенін түсінеміз. Оның үстіне, отандық бензин сапасы жоғары. Бірақ, еліміздегі жалақы төмен. Сәйкесінше, жанар-жағармай бағасы қалтамызды қабады. Тағы бір мәселе мұнай құны арзандаса да, бензин неге қымбаттай береді? 

Беларусь президенті үкіметке ресейлік шикізатқа балама іздеуді тапсырды. Литва, Латвия сынды елдерден мұнай сатып алу мүмкіндігін қарастыруды міндеттеді. Ал сарапшылар Қазақстан, Иран, Әзербайжан тіпті Венесуэла мемлекеттерімен серіктестік орнатуға шақырып отыр. Солай болған жағдайда ресми Минск пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас қалай өзгереді? Оны алдағы уақыт көрсетеді. 

Дереккөз: 24.kz

14 қаңтар 2019, 09:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.