12 қаңтарда облыстық әкімдік тұсында Жайық өзені үстінде хоккей қорабы мен сырғанақ алаңының салтанатты ашылу шарасы өтті. Мұнда 200-ге тарта адам жиналып, әр түрлі көңілді қысқы ойындарға қатысты.
Жарысқа қатысушыларға тегін зырғанақтар мен конькилер берілді.
Шайбалы хоккейден аула командалары арасында жарыс өткізіліп, «Жилгородок» құрама командасы жеңіске жетті. Ал жардан зырғанау ойындары бойынша қыздар арасында Айша МУСА, ұлдар арасында Асылхан БҰРХАНОВ жеңімпаз атанды. Оның әкесі Қуаныш өз қуанышымен бөлісті:
- Бұл жерге апта сайын отбасымызбен келіп, балаларды ойнатамыз. Бүгін керемет көңілді шараға дәл келдік. Жарыста жеті жасар ұлым зырғанаудан жеңгеніне өте қуаныштымыз.
Қалалық бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры Алмас ИМАШЕВТЫҢ айтуынша, сырғанақ алаңдары мен хоккей қорабы қалалықтар үшін әрдайым ашық. Тіпті түнгі уақытта ойнаймын дейтіндер үшін жарық шамдары орнатылған. Келушілерге сағат 10:00-17:00 аралығында тегін коньки, шана және сырғанақ тебу құралдары беріледі.
Осы мақала жарыққа шыққаннан кейін «АЖ» редакциясына оқырманымыз хабарласып, тегін шана мен конькилердің саны шектеулі екенін, жеке кәсіпкерлер осындай құралдарды 20 минутқа 500 теңге бағасымен жалдап жатырғанын айтты.
Өз кезегінде біз қалалық бұқаралық спортты дамыту орталығына хабарластық. Олардың айтуынша, тегін берілетін коньки, шананың саны шектеулі, әрқайсысы 20 данадан аспайды: «Жалға беру - бұл жеке кәсіпкерлердің ісі, олардың әрекеттеріне қалалық спорт бөлімі бақылау жасай алмайды».
Ал қалалық кәсіпкерлік бөлімі ашық мұз үстінде спорт құралдарын жалға беру заңсыз екенін айтты.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор