Бала кезімнен пойызбен жүргенді жақсы көремін, өзгеше бір тартатын романтикасы бар: рельс дүрсілі, терезеден ауысып тұратын көрініс, анам тек пойызда жеуге ғана рұқсат ететін зиянды десе де дәмді «Доширак», пакеттегі үш қоспалы кофе, әңгімешіл жолаушылар, тоқыма тоқыған әжейлер, карт ойыны...
Айта кету керек, көптен бері пойызбен жүрмеппін. Көбінесе рейс автобустарымен, ақшам болған кезде ұшақпен жүрдім. Алайда жаңажылдық ауа-райының қолайсыздығына байланысты Алматы-Саратов бағытындағы пойызға билет сатып алуға тура келді. Сол жаққа туыстарыммен бірге Жаңа жылды қарсы алу үшін барған едім.
Плацкарт вагонына кірген бойда романтикалық әсерден түк те қалмады. Ысталған балықтың өткір иісі, лас еден, қоңыр дақтары бар умаждалған терезе перделері лезде көңіл-күйімді түсіріп жіберді. Терезе саңылауларына скотч жапсырылған, бірақ оның еш көмегі жоқ – суық гулеп тұр, басымды аяқ жаққа беріп, жылы екі жамылғыны жамылуға тура келді. Дәретхандағы қисайған унитаз, тіпті, ұнжырғамды түсірді.
Дегенмен, Саратовқа жетіп, туыстарыммен жылы жүздесуден соң мұның бәрін ұмытып кеттім.
БӘРІ ЖАҚСЫ ЕДІ...
Қысқы шағын каникул аяқталғаннан кейін кері үйге қайтуға тура келді. Тәжірибем болғандықтан, бес мың теңгеге қымбат болса да купе вагонына билет сатып алдым. Айта кету керек, баға айырмашылығы өзін ақтап шықты. Үтіктелген аппақ перделер, саңылаусыз, скотчсыз терезелер, жылы вагон, дәретханадағы түзу унитаз, купе ішіндегі «ҚТЖ» эмблемасы бар металл стакан сауытындағы классикалық стакан шай, әр жер тап-таза.
Бірақ бәрі бірдей жақсы болмайды, солай ғой? Пойыз орнынан қозғалып, жылдамдық артқан бойда жоғарғы жүк салатын бөліктен ағаш қақпақ гүрс етіп жоғарғы сөрелерге қырынан құлап түсіп, айналаның бәрін шаң қылды.
Төбеге бекітілуі тиіс қақпақ, неліктен екені белгісіз, жүк салғыш сөренің ішіндегі әлдебір қапшықта жатыр. Сол кезде жоғарғы сөрелерде ешкімнің болмағаны жақсы болды. Бес секунд бұрын купеге ыстық су алып кірген кезімде құламағанына шүкір. Өте сабырлы жолсерік құлаған қақпақты орнына бекітуге тырысты, бірақ қондыра алмады. Ақыры сол күйі қапшық ішінде қалдырды. Қалған уақыт бойы жоғарғы сөрелерге басымды шығармауға тырысып, ал купеден жартылай еңкейген күйде кіріп-шығып жүрдім. ҚТЖ – тірі қалғаныма шүкір!
СКОТЧТЫҢ ПАЙДАСЫ
Айтпақшы, теміржолшылар скотчпен жақсы дос секілді. Жақында ғана әлеуметтік желі қолданушыларын бүкіл терезесі скотчпен жапсырылған Астана-Семей пойызының вагоны таң қалдырыпты. «Жолаушылар тасымалы» АҚ осы фактіні растап, мұның мәжбүрлі шара екенін, вагонның жақын уақытта есептен шығарылатынын атап өткен еді.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор