АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны елдің заңды басшысы деп мойындамайды. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
Болтонның сөзінше, Вашингтон диктатор деп санайтын Мадуроға қысымын күшейте түседі. Болтон көпшілігі оппозиция өкілдерінен құралған Венесуэла парламентіне қолдау білдірді.
Николас Мадуро 2018 жылдың соңында Венесуэла президенті болып екінші мерзімге қайта сайланған. Жергілікті оппозиция дауыс беру кезінде заң бұзу оқиғалары көп болғанын мәлімдеген.
Николас Мадуро Венесэуланы 2013 жылдан бері басқарады. Ол билікке Венесэуланың бұрынғы жетекшісі Уго Чавес қайтыс болған соң келген. Іс басындағы президент кезінде Уго Чавес "боливар социализмі" деп атаған экономикалық саясатты жалғастыра беруді қолдайды.
2018 жылы Венесэулада экономикалық дағдарыс тереңдеп, елде инфляцияның жылдық мөлшері бірнеше есеге жоғарылап кеткен. Көп қалада күнделікті қолданылатын тауарлар мен азық-түлік қат болып, миллиондаған адам басқа елдерге жұмыс іздеп кеткен.
Дереккөз: azattyq.org