Биылғы жыл ортасында Қашағандағы D аралы мен «Болашақ» мұнай және газ өңдеу қондырғысы 45 күндік күрделі жөндеу жұмыстарына жабылады. Бұл туралы «АЖ» редакциясының сауалына жауап бере отырып, NCOC консорциумында хабарлаған еді.
- Нақты қандай жұмыстар жүргізіледі?
- «Нормативтік талаптарға сәйкес, 2019 жылы NCOC Болашақ құрлық кешені мен D теңіз кешеніне күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл - өндіріс толық тоқтатылған кезде D аралы мен «Болашақ» МГӨҚ-де технологиялық жабдықтардағы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Атап айтқанда, ҚР нормативтік талаптарына сәйкес, технологиялық желілердің жабдықтары мен тұрбаларын ашу, тазарту, жөндеу және тозығы жеткен жабдықтарды ауыстыру жұмыстары жүргізіледі, технологиялық процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған инженерлік шешімдер енгізілген жоспарлы өндірістік жобалар жүзеге асырылады.
Жоспарлы тоқтату мерзімі – 45 күн. Жұмыстар мердігер мекемелер қызметкерлерін көптеп тарту арқылы жүргізіледі».
- Жөндеу жұмыстарының құны қандай?
«Өкінішке орай, NCOC компаниясы күрделі жөндеу құны туралы ақпаратты қоса алғанда, коммерциялық ақпаратты ұсынуға өкілетті емес».
Компаниядағылар тоқтату кезінде мұнайға қатысты ешқандай операцияның жоспарланбайтынын хабарлады:
«Күрделі жөндеу кезінде барлық жабдық тоқтатылады, мұнай, газ және күкірт өндірісі толығымен тоқтайды. Тоқтатылғанға дейін өндірілген мұнай толығымен экспортталады және сақталмайды».
Өндіру болжамдарына келетін болсақ, NCOC нақты цифрларды жарияламады. Өткен жылы Қашағанда шамамен 13 миллион тонна мұнайдың өндірілгені белгілі.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.