Атырау, 22 қараша 13:08
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атыраудағы жаңа жыл түні: аз ғана криминал және отшашудан соң дүниеге келген қыз

3 408 просмотра


КРИМИНАЛ

31 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейінгі мереке күндері Атырау облысында 37 қылмыстық іс тіркелді, оның 8-і жаңа жыл түнінде болған. Әдеттегідей, қылмыстық хроникада ұрлық көш бастап тұр.

Жаңа жыл түнінде мұнайлы астанада 4 пәтер мен 2 көлік, ал Құрманғазы ауданында жеке дүкен тоналған. 1 қаңтарда күндіз Атырау ықшамаудандарының біріндегі жеке үйдің ауласында төбелес болып, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірілген».

ПЕРЗЕНТХАНА

31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Атырауда 28 сәби дүниеге келген. Оның 15-і облыстық перинаталдық орталықта, 13-і – қалалық перзентханада.

Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, қалалық перзентханада 1 қаңтарға қараған түні 7 ұл мен 6 қыз бала дүние есігін ашқан. 

Ал бойы 51 сантиметр, салмағы 3 келі 140 грамм болатын қыз бала мерекелік отшашу атылған бойда дүниеге келді. Сәбилерге бақытты балалық шақ тілейміз!

ОҚИҒА

Жаңа жылда өрт сөндірушілер алғашқы шақыртуды сағат 06:37-де қабылдады. Атырау-Астрахань  трассасында Исатай ауданының Тұщықұдық ауылына жақын жерде «DAF» маркалы жүк көлігі өртенген. Өрт 12 250 келі мақта мен тоқыма жібінің теңдерін жалмаған.

Ал 31 желтоқсанға қараған түні Мақат ауданында букмекерлік кеңсе өртенген. Ол жерде 2-қабаттағы тұрмыстық заттар тұтанған.

- Бұл салыстырмалы түнде тыныш жаңа жыл түні болды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер болмады, - деп комментарий берді Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

«102» ПУЛЬТІ

Ал жедел жәрдем медиктері Жаңа жылды қарбаласпен қарсы алды. Олар 1680 шақырту алды – 828-і жылдың соңғы күнінде және 852-і бірінші қаңтарда.

- Негізінен адамдар гипертермиялық синдромға, яғни, дене температурасының күрт көтерілуіне шағымданды, - дейді «Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы» ҚМКК бас дәрігері Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВ. - Атырау жолдарындағы мерекелік аласапыранға қарамастан барлық шақыртуларға стандарт бойынша үлгердік. 

ТРАВМПУНКТ

31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында облыстық аурухананың травматологиялық бөліміне 147 адам жүгінген. Оның 3-уі – пиротехникалық бұйымдардан күйік алған. Ал жаңа жыл түнінде 54 қала тұрғыны шағымданған, медиктердің бақылауынша, олардың көпшілігі «мерекелік» көңіл-күйде болған.

Жаңа жыл түні облыстық аурухананың травматологиялық бөліміне тұрмыстық жарақат алған 26 бала жүгінген. Оның үшеуі пиротехникаға байланысты емес термиялық күйік алған.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

4 қаңтар 2019, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.