Румыния Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық етеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, енді Румыния алдағы 6 айда Бухарест Одақтық саммитін ұйымдастыратын болады.
Сондай-ақ өзге де маңызды экономикалық кездесулердің күн тәртібін үйлестіреді. Еурокомиссия президенті Жан-клод Юнкер аталған лауазымның міндеттерімен таныстыра келе, Румыния төрағалық ететін жылдың жалпы одақ үшін маңызды даталармен сай келетіндігін айтып өтті.
Олардың қатарында Бухарест саммиті және шешімін таппаған мәселелер бар. Бұған қатысты Румыния премьер-министрі Виорика Дэнчилэ 6 ай ішінде төрағалық ету арқылы одақтағы ұйымшылдықты арттырамыз деп сөз берді. Оның айтуынша, ұйымшылдық Еуроодақтың бәскелестігін арттыратын бірден-бір басты дүние.
Румын үкіметінің басшысы өз сөзінде: «Румынияның басшылық ету кезіндегі басты бағыттары: Еуропаны жақындастыру, қауіпсіздік, жаһандану және ортақ құндылықтарды дамыту. Бұл мәртебелі қызметті иелене отырып, келесі айларда күн тәртібінде тұрған мәселелерді қарастырамыз. Ал бұл жолда құрлықтың барлық елдері мен саяси институттары қатысатын болады. Румыния Еуропалық Одақ елдері арасындағы ынтымақ пен теңдіктің сақталуына жіті көңіл бөлетін болады», – деді.
Айта кетер жайт, Румыния төрағалығы жоғарыда аталған Бухарест саммитінен бөлек Ұлыбританияның Brexit келісімі, жалпыеуропалық сайлау сынды күрделі мәселелермен тұспа-тұс келіп отыр. Сол себепті жақын арада Румыния Шенген аймағына кіруі мүмкін.
Демек, мемлекеттің Еуроодақтағы ықпалы арта түспек.
Дереккөз: "The Qazaq Times"